Халықаралық ауыр атлетика федерациясы мен ХОК Илья Ильинді Бейжің мен Лондон алтынынан айырады. Бұл туралы «Аламанға» жағдаймен таныс дереккөздердің бірі мәлімдеді.
Ильин, Чиншанло, Подобедова және Манезаға қатысты шешім 11-15 шілде аралығында шығады. ХОК жиынында Ильин мен үш чемпионның медалін алу мәселесі талқыланып, жаңа чемпиондарға медаль беру жолдары қаралмақ.
Демек, Ильин қалайда медалін қайтарып бермек. Ал қос Олимпиада алтынын қайтарған спортшының Рио олимпиадасына қатысуы екіталай.
Осыған дейін Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Ильин бастаған Олимпиада чемпиондары Риоға бармайтынын мәлімдеген.
Осыған дейін Халықаралық ауыр атлетика федерациясы (IWF) қазақстандық ауыр атлет Илья Ильиннің Бейжің мен Лондон Олимпиадалары кезінде алынған сынамаларынан допинг табылғанын мәлімдеген.
Лондонда алтын алған қазақ спортшылары Зүлфия Чиншанло, Мая Манеза мен Светлана Подобедованың да сынамалары оң нәтиже берген.