Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі өзі әзірлеген заң жобасы арқылы Қазақстан заңдарына «деструктивті идеологиялық ағым» ұғымының анықтамасын енгізгісі келеді.
«Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңға өзгерістер енгізу жобасын таныстырған соң дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев журналистерге министрлік ұсынған өзгерістерде «деструктивті діни ағым атрибуттары мен сыртқы белгілерін жария түрде көрсетуге» тыйым салу қарастырылғанын айтты.
«Деструктивті идеологиялық ағым» деген сөз тіркесінің айқын анықтамасы жоқ, бірақ жоба авторлары «деструктивтілік» белгісі санайтын сақалдың кескіні мен ұзындығын реттеуді ұсынады. Бұған қоса, министр «қажет болса, сақалдың ұзындығына қатысты талап та енгіземіз» дейді.
«Әңгіме кез-келген сақал немесе дін қызметкері туралы болып жатқан жоқ. Әңгіме деструктивті діни ағымды ұстанады деп танылған адамдарға ғана қатысты», — деп мәлімдейді Нұрлан Ермекбаев.
Министрдің сөзінше, қоғамдық орындарда адамды бет-әлпетінен тануға кедергі келтіретін киім киюге тыйым салынады. Бұл тармақты әкімшілік кодекске енгізуді жоспарлайды. Ал ниқаб (жоба авторлары киімнің бұл түріне атау бермеген) киген әйелдерге хаттаманы полицейлер толтыратын болады.
Заң талабын «бұзғандарға» салынатын айыппұл көлемі 50 айлық есептік көрсеткіштен(120 мың теңгеден асады) басталатын болады.
Орталық Азиядағы діни ахуал, ұлттық бірегейлік және совет мұрасын зерттеуші, Назарбаев университетінің доценті Хелен Тибо Азаттыққа экстремизмнің алдын алу шаралары ретінде көрсетілетін тыйымдар мен шектеулерден тұшымды нәтиже шықпайды, олар жаңа проблемалар тудыруы мүмкін деген болатын.