Дональд Трамп АҚШ президенттігіне кандидатурасын ұсынады

АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп сейсенбі күні 2024 жылғы президент сайлауына Республика партиясы атынан өз кандидатурасын ұсынатынын жариялады.

Флоридада өзінің Мар-э-Лаго резиденциясында бір топ жақтасы алдында сөйлеген Трамп Құрама Штаттардың «жағдайы мүшкіл» деп мәлімдеп, бұған АҚШ президенті Джо Байден мен демократтарды айыптады. Ол өзі президент болған жылдары әлемде тұрақтылық сақталғанын, қазір билік басында отырса «Украинада соғыс болмаушы еді» деп мәлімдеді. «Американың қайта оралуы осы сәттен басталады», — деп ұрандатты Трамп.

Ақ үйде төрт жыл отырған Трамп 2020 жылғы президент сайлауында демократ Джо Байденнен жеңіліп қалды. Ол сайлау нәтижесін әлі сынап жүр.

Алдында ғана бұрынғы вице-президент Майк Пенс республикашылдардың «Трамптан жақсырақ үміткері бар» деп мәлімдеген. Республика партиясының кейбір беделді өкілдері Трампты президенттікке таласты ерте бастады деп сынады. Алайда республикашылдар арасында оның жақтастары жетерлік. Тіркелген республикашылдардың 80 пайызы Дональд Трампты жақтайды.

2024 жылы Трампты Республика партиясының өз ішіндегі үлкен бәсеке күтіп тұр. Оның басты қарсыласы Флориданың губернаторы Рон Десантис болуы мүмкін. Вирджиния губернаторы Глен Янгкин де тағы бір мықты бәсекелес атануы ықтимал. Трамп екі губернаторды да сынап үлгерген.

АҚШ тарихында бір ғана президент — Гровер Кливленд төрт жыл үзілістен соң екінші президенттік мерзімге сайланған. Бұл саяси оқиға 1893 жылы болған.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий