Дойбыдан жеңімпаздар анықталды

Қызылорда қаласында дойбыдан тұңғыш спорт шебері Бақ Иманалиевті еске алуға арналған көз мүгедектері арасында республикалық турнир өтті, деп хабарлайды NewTimes.kz.

Биыл жетінші мәрте ұйымдастарылған жарысқа Қызылорда қаласы мен аудандардан және Түркістаннан дойбышылар қатысты.

Б.Иманалиев Арал ауданы, Қамбаш ауылының тумасы.  1984 жылы алғаш рет КСРО финалына қатысқан бірінші қазақ жігіті. Ол 30 жасында «Буревестник» ерікті спорт қоғамының одақтық біріншілігінде тұңғыш рет спорт мастерінің нормасын артығымен орындап, тұңғыш дойбыдан спорт шебері атанды. Қазақ соқырлар қоғамының ондаған жылғы (1981-2008), 3 рет Қазақстанның чемпионы, Қазақстан тәуелсіздігіне арналған турнирдің жеңімпазы, бірнеше ірі турнирлердің жеңімпазы, бірнеше рет КСРО  командалық біріншіліктерінің чемпионы және жүлдегері болды.

Төрт күнге созылған жарыс нәтижесінде аралдық Дәулет Дүйсенбаев жеңімпаз атанды. Екінші орынды қазалылық Асқар Сәрсенбай иеленсе, үшінші орынды қызылордалық Ертай Әбимолда еншіледі.

«Жеңіске деген жігері үшін» номинациясымен сырдариялық Руслан Рахманбердиев, «Ардагер ойыншы»  ― қызылордалық Александр Ким, «Ең жас ойыншы» ― 17 жастағы жаңақорғандық Айсана Алмабекова, белсенді қатысқаны үшін қазалылықтар Рабиға Шаламен, Ардақ Есіркепова және жаңақорғандық Мадина Нұрсейіт марапатталды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге диплом, кубок және естелік сыйлықтар табысталды.

Без рубрики
Комментарий (0)
Добавить комментарий