Душанбеде халықты АҚШ-қа жұмысқа орналастырам деп алдаған екі азамат ұсталды

Тәжікстан құқық қорғау органдары астананың екі тұрғынын алаяқтық жасады деген күдікпен ұстады. Олар адамдарды АҚШ-қа жұмысқа орналастырам деп алдаған.

ІІМ мәліметінше, 23 жастағы жас жігіт құқық қорғау органдарына шағымданып, Душанбенің екі тұрғыны АҚШ-қа еңбек миграциясына жіберем деген уәдемен 22 мың доллар алғанын, бірақ уәдесінде тұрмағанын айтқан.

Екі күдікті дәл осындай жолмен тағы бір астаналық жігітті алдаған.

Министрлік алаяқтық әрекетке қатысты қылмыстық іс қозғалғанын, тергеу жүріп жатқанын хабарлады.

Тәжікстанда тұрғындарды шетелге жұмысқа жіберем деп алдау оқиғалары жиі кездеседі. Билік халықты бос уәдеге сенбеуге үндеп отыр.

Тәжікстан билігі Ресеймен, Қазақстанмен және Катармен еңбек келісіміне отырған. Жыл сайын миллионнан астам тәжік азаматы еңбек миграциясына аттанады. Шетелдегі еңбек мигранттарының елге жолдаған ақша аударымдары Тәжікстан экономикасының өзегіне айналды.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий