Душанбеде милиция хиджаб кигендер мен сақалдыларды тексеріп жүр

Тәжікстан астанасында милиция қызметкерлері хиджаб киген әйелдер мен сақалды азаматтардың құжаттарын тексерді.

Душанбенің шығыс жақ қақпасындағы милиция рейді туралы Азаттықтың Тәжік қызметі — Озоди радиосына оқырмандардың бірі хабарлады. «Астанаға кіреберісте, тоғызыншы шақырымда таңғы сағат 7-ден 11-ге дейін хиджаб кигендер мен сақалдыларды тексерді», — деп жазды куәгер.

16 қарашада Душанбенің шығыс қақпасы алдында осындай тексеру жүріп жатқанын бірнеше адам растады. Куәгерлердің айтуынша, милиция қызметкерлері мен мемлекеттік ұйымдар мен мекемелердің өкілдері бір айдан бері хиджаб кигендер мен сақалдылардың құжаттарын тексеріп жүр. Билік осындай рейд болып жатқаны туралы мәліметке қатысты сауалдарға жауап бермей отыр.

17 қарашада тәжік астанасының оңтүстік жақтағы қақпасы алдындағы МАИ бекетінде сақалды бірнеше адам мінген автокөлікті тоқтатқан. Рейдке бірнеше әйел қатысқан. Дегенмен Озоди радиосы тілшісінің олар қай мекемеден екені туралы сауалға жауап бермеді. Әйелдердің бірі ұлт мәдениетін насихаттайтынын, тәжіктерге жат дәстүрлер мен ғұрыптардың әсерімен күресетінін ғана айтқан. Еске салайық, президент Эмомали Рахмон хиджаб пен сатр ұлт мәдениеті мен құндылықтарына жат деп мәлімдеген.

Әлемдік қауымдастық Тәжікстанды азаматтардың діни наным-сенім еркіндігін шектеді деп жиі сынайды. АҚШ мемлекеттік департаменті биыл 2 маусымда жарияланған баяндамасында Тәжікстанды дін еркіндігін сақтамауына байланысты алаңдаушылық туғызатын елдер қатарына жатқызды. Тәжікстан билігі АҚШ-тың бұл есебі елдегі жағдайды нақты сипаттай алмайды деп жауап берді.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий