Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев кіші Талдыкөл аумағы кемінде 20 гектарды құрайтын су нысаны ретінде қалады деп мәлімдеді.
– 9 қазанда әкімдікпен жиын өткіздік. Кіші Талдыкөл су нысаны ретінде қалуы тиіс деген ортақ шешімге келдік. Әкімдіктің өзі су нысанын кескіндейді. Аумағы кемінде 20 гектар болатын бұл нысанның нақты шекаралары анықталды. Қазір бұл көл табиғи түрде қоректеніп жатқан жоқ, сол себепті құрғап жатыр. Әкімдік аумақты жайлы етеді. Рекреация аймағы құрылады. Көлге жасанды жолмен су жіберіледі. Көл табанын тереңдету жұмыстары да жүреді, — деді министр Азаттық тілшісіне.
Мемлекеттік экология комиссиясының дерегіне сүйенген экобелсенділер бұған дейін кіші Талдыкөл көлдер жүйесінің аумағы 601,9 гектарды құрайды, билік соның тек 20 гектарын ғана қалдырғысы келеді деп наразы болған.
Министрліктің мәлімдемесін естіген эколог Лаура Мәлікова «жағдай еш өзгермеді, министрлік көлді қорғамады» деп санайды.
«Министрлік Талдыкөл маңында су қорғау аймағын бекітуі керек еді. Заң бойынша, көлмен арадағы қашықтық міндетті түрде бекітілуі керек. Ал бұлар оны бекітпеген. Бұл Су кодексінің нормаларын бұзу деген сөз. Кеше тұрғындар көму жұмыстарын қайта бастапты деп жатыр» деді эколог.
Нұр-Сұлтандағы Талдыкөл көлдер жүйесіне қатысты дау шыққанына бірнеше ай болды. Қала әкімдігі көлдің бір бөлігін көміп, ол жерге тұрғын үй кешенін салуды бастап кеткен. Бұған қарсы болған экологтар мен белсенділер кіші Талдыкөлді сақтап қалғысы келеді. Олар көл көмілсе, табиғатқа зиян келетінін айтады. Ал әкімдік көл маңы абаттанып, экологияға залал келмейді деп сендіреді.