Ақтөбе облысында жылқы өсіріп, қымыз өндірумен айналысатын кәсіпкер үш әйелінің тату-тәтті өмір сүріп отырғанын айтты деп жазады aktobenews.kz.
Орынбай Жолмұратов Әйтеке би ауданы Ақтасты ауылындағы «Шыңғыс» шаруа қожалығының басшысы. Жылқы шаруашылығымен 12-13 жылдан бері айналысады екен. Алғашқыда 7 бие сауудан бастаған. Кейін оны 30-ға, 50-ге, ақыры 100-ге дейін жеткізген. Биыл 120 бие сауамын деп отыр.
Үш әйелі бар. Нағыз қазақ. Үшеуі де бір ауылдың қызы екен. 18 жасында бірінші рет үйленген қазақ 32 жасында тағы бір келіншек алыпты.
«Екінші келіншегімді бәйбішемнің өзі барып алып берді. Ал үшіншісі рет үйленгенімде 50 жаста болдым. Жас әйелім ол кезде 22-де болды», — дейді ошақтың иесі.
Оның айтуынша, бірнеше әйел алуды шешетін бәйбіше.
«Үлкен әйелім сыр бермейді. Негізі бәрін шешетін бірінші әйел. Одан ешкім аса алмайды. Екі әйеліммен бір шаңырақтың астында 23 жыл бірге тұрдым. Балалар да бірге өсті. Қазір кші әйеліммен тұрамын. Үлкен екеуі қалада тұрады. Үйде қызғаныш, ұрыс-керіс деген болмайды. Балалардың тойларын бірге атқарамыз. Әйел алу ойыншық емес. Оны Алланың өзі реттейді», — дейді ол.
Орынбай басшы шаруашылық қамымен Ақтөбеге жиі келетінін айтады. Сонда бәйбішесінің үйіне тоқтайды. Ал кенже әйел ауылда шаруашылықтың басында.
«Қазақ көбеюі керек. Көп әйел алу — атадан қалған нәрсе. Бірақ көп әйел алуды да, көбеюді де шешетін алдымен Алла, екінші бәйбіше», — дейді ол.