Емізулі баласымен Сирияға кетпек болған әйелдер азаматтық некеде болуы мүмкін

19 ақпан күні Ақтөбе қаласы №2 сотының санкциясымен 10 адам қамауға алынды.

Олар “бала-шағасымен бірге Сирияға аттанбақшы болды” деп айыпталып отыр.

Бұл туралы Керек-инфо хабарлайды.

Ақтөбе облысының 10 тұрғыны екі ай мерзімге қамауға алынғанын облыстық соттың баспасөз қызметі де растады. Соттың баспасөз қызметі таратқан мәліметке қарағанда, олар ҚР ҚК-нің 24-бабы 3-бөлімі, 257-бабы 2-бөлімі бойынша (қылмысқа оқталу, террористiк топтың әрекетіне немесе ол жасап жатқан терроризм актiлерiне қатысу) айыпталып отыр.

Кейбір ақпарат көздері Сирияны бетке алғандар тобында 10 емес, 20 шақты адамның болғандығын айтады. Осы топтағы ер адамдар қамауға алынғаннан кейін әйелдер мен балалар ешқайда шықпау туралы қолхат беріп, үйлеріне жіберілген.

“Саяхатшыларды” Ұлттық қауіпсіздік комитеті бірнеше ай бойы сырттай аңдып, бақылауда ұстаған. Оны облыстық соттан жолдаған баспасөз релизінен де аңғару қиын емес.

Соттан келген хабарламада “қылмыстық қудалау органы — ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Ақтөбе облысы бойынша Департаменті” деп көрсетілген.

Сирияны бетке алған топтың қолында қозғалыс маршруты яғни, Таяу Шығысқа жету жолдары көрсетілген нұсқау болған. Күштік құрылымдардың күдігін туғызбау үшін ерлер сақалдарын қырған, ал әйелдер хиджабтарын шешіп тастаған.

«Соғысқа аттанғандардың арасында 2 ұлы мен әйелін әкетпек болған азамат та бар. Оның жасы 56-да. Қарғалы ауданының тумасы. Қалғандары негізінен жас жігіттер. Олардың жандарында азаматтық некедегі әйелдері болды. Емізулі балалары бар келіншектердің барлығы 20-дан енді ғана асқан. Яғни, тоқсаныншы жылғы қыздар. Олар мінген Mercedes автобусы “Ақтөбе-Хромтау” бағытындағы тас жолдың бойынан ұсталды. Автобустағылардың дені Мұғалжар ауданының тұрғындары. Араларында ақтөбеліктер де бар,-деп хабарлайды сенімді ақпарат көзі.

Таяу Шығысты бетке алғандардың мақсаты – ең алдымен Қырғызстанға жету болған. Сол жерден Түркияға ұшып, одан әрі Сирия аспақшы болыпты.

Күштік құрылымдар әзірше құрғақ деректермен ғана шектеліп отыр. Мысалы, прокуратураның сайтындағы мәліметке қарағанда, 10 емес, 11 адам қамауға алынған. Мешіт қызметкерлері әдеттегідей Ұлттық қауіпсіздік комитетіне сілтеді. Ал ҰҚК Ақтөбе облыстық департаментінен әзірше қандайда бір ақпарат алу мүмкін болмай тұр.

Жақында  Қандыағаш қаласында тұратын сегіз әйелдің Сирияға кетпекші боп жүрген жерінен ұсталғаны хабарланған еді.

Олардың арасында 17-18 жастағы қыздар да болған. Сенімді ақпарат көзінің дерегінше, астыртын әрекеттері әшкере болған әрбір екінші әйел бірнеше мәрте тұрмыста болған. Яғни, оларды дін жолын ұстанатын күйеулері талақ еткен.

Бұл жолы да Сирияға кетіп бара жатқан жас жігіттердің жанында азаматтық некедегі әйелдері болғаны туралы хабар тарап отыр. Емізулі балаларымен соғысқа бара жатқандардың бәрі күйеулерінің ықпалымен дін жолына түскен.


Без рубрики
Комментарий (0)
Добавить комментарий