21 желтоқсанда парламентке кезекті жолдауын арнаған тәжік президенті Эмомали Рахмон Тәжікстанның көрші елдердің ісіне ешқашан араласпаған деп мәлімдеді.
«Еліміз бар болғаны Ауғанстанда барлық этникалық топтар мен халықтардың өкілдері кіретін инклюзив үкімет құрылғанын қалайды», — деді ол.
Эмомали Рахмон көрші елге гуманитарлық жүк жеткізу ісіне Тәжікстанның көмектескісі келетінін айтты.
Орталық Азия мемлекеттері ішінде Тәжікстан ғана тәліптер құрған үкіметпен дипломатиялық қарым-қатынас орнатпады. Душанбе «Талибан» саясатын ашық сынады.
Кейбір мәліметтерге қарағанда, Ахмад Масуд бастаған ауған ұлттық қарсылық қозғалысының бірқатар жетекшісі қазір Тәжікстанда жүр. Алайда олардың тәжік аумағында екенін ешкім ресми түрде растаған жоқ.