Ердоған ГЭС-тің жарылуына қатысты комиссия құруды ұсынды

Түркия президенті Режеп Ердоған Ресей және Украина президенттерімен телефон арқылы сөйлесуі кезінде Кахов ГЭС-і дамбасының жарылуына байланысты комиссия құруды ұсынды. Бұл жөнінде Hürriyet басылымы жазды.

Ердоғанның сөзінше, тексеруге соғысушы тараптың мамандары мен БҰҰ және халықаралық қауымдастықтың өкілдері қатысуы тиіс.

Түркия президенті Анкара бұл істі жіті тексеру үшін қолынан келгенінің бәрін істейді деген. Ердоған Мәскеу мен Киев бір-бірімен тікелей араласпай, халықаралық делдалдар арқылы астық келісімін жүзеге асыру ісін мысалға алды.

Украина президенті Владимир Зеленский Түркия президентімен келіссөз қорытындысы жайында телеграм каналында Ердоғанға апатты жою салдарына қажетті тізімді бергенін жазды. Ол бұл апатты Ресей тарапынан жасалынған теракт деп атады.

Кремль болса Путин бұл оқиғаны Украинаның қолы деп, ГЭС-тің жарылуын «варварлық акция» деп атағанын мәлімдеді. Бұл Путиннің Херсон облысындағы дамбының жарылуына байланысты алғашқы пікірі болды.

Еуроодақ елдері апатты жағдайды қалпына келтіру үшін Украинаға гуманитарлық көмек жіберетінін мәлімдеді.

Кахов ГЭС-і дамбасы 6 маусымда таңертең жарылды. Днепр өзені жағасындағы тұрғындардың үйін су алды. Днепрдің сол жағалауы Ресейдің бақылауында. Қазір бұл өңірде төтенше жағдай енгізілді. ТАСС агенттігі жазғандай, үш мыңға жуық үйді су алған, бір жарым мың адам құтқарылған.

Херсон облысының Ресей тағайындаған әкімі Владимир Сальдо су басып қалған ауданда төрт мыңға жуық адам тұратынын мәлімдеді.

Ал Украина бақылайтын Днепрдің оң жағалауында 80 елді мекенді су басқан. Екі мыңға жуық үйді су басып қалған. 1400-ден астам адам құтқарылған.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий