Ереванда наразы топ ондаған көшені жапты, бірнеше адам ұсталды

Ереванда 2 мамыр таңертең билікке қарсы наразылыққа шыққандар қаладағы ондаған көшені жауып тастады. Полиция көшелерді ашуға күш салып, көшені жапқандар арасынан 125-тен аса адамды ұстаған. Бұл туралы ТАСС агенттігі мен Азаттықтың Армян қызметі хабарлады.

Азаттықтың Армян қызметінің хабарлауынша, наразылар Маштоц пен Амирян көшелерінің қилысына қоқыс жәшіктері мен орындықтар орнатып жатыр. Еревандағы ірі алаң — Франция алаңы толығымен қоршалған.

Парламенттегі оппозициялық «Айастан» партиясының фракция мүшесі Ишхан Сагателян Азаттықтың Армян қызметіне түнде ешқандай қақтығыс болмағанын, жауын жауғанын, ал наразылар Франция алаңында түнегенін айтты.

Екі апта бұрын Армения премьері Никол Пашинян халықаралық қауымдастық Армениядан Таулы Қарабақтың статусы бойынша талабын төмендетуін қалайды деп мәлімдеген еді. Осыдан соң елде наразылық басталған.

Оппозиция армян үкіметі Таулы Қарабақ мәселесі бойынша Әзербайжанның ығына жығылмақ деп санайды және Пашинянның биліктен кетуін талап етеді. Ал үкімет ел ішінде Пашинянды қолдайтындар көп, сондықтан оппозицияның талабы орынсыз деп есептейді.

2020 жылы күзде Армения мен Әзербайжан Таулы Қарабақ үшін соғысып, соның салдарынан екі жақты қоса алғанда 6,5 мыңнан астам адам қаза болған. Қараша айының басында Ресейдің араағайындық етуімен тараптар атысты тоқтату туралы ортақ мәлімдемеге қол қойған. Келісімге сәйкес, Армения Әзербайжанға Таулы Қарабақтағы бірнеше ауданды қайтарған. Сол оқиғадан соң Әзербайжан жеңіс тойын тойласа, Армения тұрғындары арасында үкіметке наразылық күшейді.

Соған байланысты былтыр 20 маусымда мерзімінен бұрын сайлау өтіп, Никол Пашинянның «Азаматтық келісім» партиясы 54 пайыз дауыс жинады. Сайлау қарсаңында отставкаға кеткен Пашинян тамызда премьерлікке қайта тағайындалған.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий