Шымкент қаласының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы және Шымкент қаласы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен қаладағы сауда нүктелерінде есірткі заттарын насихаттаудың және жарнамалаудың алдын алу бойынша іс-шаралар қолға алынып, тиісінше түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Оның ішінде сатушылар мен сауда иелеріне ашық түрде есірткі заттары бейнеленген киім-кешектерді, тұрмыстық бұйымдарды сатқаны үшін қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жауапкершілік қарастырылғаны атап көрсетілді.
Жауапты мамандар аймақ кәсіпкерлеріне жүгініп, адамның сезімі мен түйсіктеріне бейсаналық әсер ететін, есірткі заттарына қызығушылығын қалыптастыратын немесе оларды қолдайтын бейнелер мен жазулары бар заттарды сатуға тыйым салынғанын ескертті.
Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі полиция майоры Бауыржан Карбеков: «Қазіргі уақытта нашақорлық қоғамдық ауқымдағы маңызды мәселе болып тұр. Жастар арасындағы нашақорлықтың алдын алудың бір жолы түсіндірме жұмыстарын жүргізу болып табылады. Сату нүктелерінде адамның түйсігіне бейсана түрінде әсер ететін есірткі заттары бейнеленген киімдер сатпауға шақырамыз», -деп атап кетті.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі