Эстон парламенті Рийгикогу жынысы бірлерге некеге тұруға рұқсат беретін заң қабылдады. Бұл туралы жергілікті ERR.ee басылымы хабарлады.
Заң жобасын 55 депутат қолдады, 34 депутат қарсы шықты, бір депутат қалыс қалды. Некеден бөлек гомосексуал жұпқа биологиялық ата-анасының бірінің келісімімен бала асырап алуға рұқсат берілді. Бірге тұру туралы келісімге отыру мүмкіндігі де өзгеріссіз қалды. Мұндай заңды эстон парламенті 2016 жылы қабылдаған.
Жынысы бірлердің некесі туралы заң 2024 жылы 1 қаңтарда күшіне енеді.
Эстония постсоветтік елдер арасында алғаш болып жынысы бірлердің некесін заңдастырып отыр. Осылайша әлемде 34 елде гомосексуал қарым-қатынасты заңмен рәсімдеуге болады. Жынысы бірлердің шетелде қиылған некесін Израиль да мойындайды.
Ресейде 2022 жылы гомосексуал, бисексуал және трансгендер туралы жағымды ақпарат таратуға тыйым салынған. Заң бұзған азаматтарға 400 мың рубль, ал ұйымдарға бес миллион рубльге дейін айыппұл салынады.