Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысы Пенжім ауылында болған оқиғаға пікірін айтты.
27 қазанда Пенжімдегі мектепте оқушылар арасында төбелес болып, соңы «тәртіпсіздікке ұласқан». Кемінде екі адам зардап шеккен. 4 қарашада Екібастұзда болған жиында президент бұл «этносаралық жанжал емес, бірақ арандатушылар оқиғаны басқа сипатта көрсетті» деп мәлімдеді.
«Мектепте жай ғана төбелес болды. Бұған жол бермеу керек еді. Оқушылардың мектеп ішінде жүріп жарақат алуы – төтенше жағдай! Азаматтарымыздың наразылық білдіргені орынды, оларды түсінуге болады. Одан кейін жастар арасында бұзақылыққа жол берілді. Бірақ мұндай жағдайдың алдын алуға болар еді. Дегенмен, әрекет болмады. Ақпараттық кеңістікте осы оқиға этносаралық сипат алды. Бұл жерде ешқандай да этносаралық жанжал болған жоқ! Алайда елімізге қарсы араңдатушылар мен қаскөйлер аталған оқиғаны басқа сипатта көрсетті. Өкініштісі, құқық қорғау органдарының да, Президент әкімшілігінің де тарапынан мұндай араңдатушыларға қатысты еш әрекет жасалмады. Біз шара қолданбаймыз ба? Мұндай араңдатушылар еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне нұқсан келтіруде. Сондықтан осы оқиғадан дұрыс шешім шығаруымыз керек» деді президент. Оның сөзінен Ақорда сайты үзінді келтірді.
Тоқаев Пенжімдегі оқиғаға пікірін бір апта уақыт өткенннен кейін айтып отыр. Ол «халық бірлігіне, ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіруге бағытталған кез келген әрекетке» құқық қорғау органдары қатаң шара қолданатынын ескертті.
Бұған дейін кейбір сарапшылар «билік бұл жолы да оқиғаны ұлтаралық мәселеден барынша алыстатып, проблема барын мойындамай отыр. Бұл расында да «ауруын айтпаған өледінің» кері. Себебі проблеманы нақты анықтамай, оған баға бермей, оның шешімін басқа жақтан іздей береміз» деп айтқан еді.
Бір күн бұрын жергілікті Sputnik Қазақстан агенттігі ішкі істер министрлігі әкімшілік полиция комитетіне қарасты басқарма жетекшісі Әсет Оспановтың Пенжімдегі оқиға «ұлтаралық негізде» туындады деген пікірін жариялаған.
«Кейде оқушылар ұлтаралық негізде қақтығысып қалады. Қазан айында ғана мұндай факт Батыс Қазақстан облысы мен жуырда Алматы облысында Пенжім ауылында тіркелді. Ұлтқа бөлінген 9-10 сынып оқушылары өзара төбелескен» деді Оспанов.
27 қазанда Пенжімдегі мектепте оқушылар арасында төбелес болып, 16 жастағы оқушы зардап шеккен. Одан кейінгі тәртіпсіздік кезінде 53 жастағы азамат жарақат алды. Жанжал кезінде бір топ адам бірнеше үй мен көліктердің терезесін сындырған. Өртенген үйлер болғаны да хабарланды.
Полиция оқиғаға байланысты екі қылмыстық іс – «Екі және одан да көп адамның денсаулығына қасақана зиян келтіру» және «Бұзақылық» баптары бойынша іс қозғалғанын хабарлады. Полиция ұсталғандар жайлы ақпарат бермеді.
Қытаймен шекарадан 15 шақырымдай жердегі Пенжім (ұйғырша «бас ауыл» деген мағынада) ауылдық округінде 12 мыңнан астам адам, соның ішінде 7 мыңнан аса қазақ, 5 мыңға жуық ұйғыр тұрады.