Украина сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба 10 тамызда Еуропалық одақ пен «Үлкен жетілікті» Ресей азаматтарына виза беруге тыйым салуға шақырды.
Дәл осындай үндеумен бірнеше күн бұрын Украина президенті Владимир Зеленский шыққан. Ол Washington Post газетіне берген сұқбатында Ресей Украинадағы агрессиясын тоқтатқанға дейін Ресей азаматтарына Еуропаға виза беруді тоқтатуды, Еуропада тұратын ресейліктердің визасын және тұрақты тұру құқығын жойып, еліне қайтаруға мәжбүрлеу керек екенін айтқан.
Ресей президенті Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Ресейді және ресейліктерді оқшаулау әрекетін жөнсіз деп, «ақылды шешім үстемдік құрады» деп үміттенітін жеткізген.
9 тамызда Финляндия премьер-министрі Санна Марин ресейліктерге фин визасын беруді шектеуді ұсынған.
“Ресей Еуропада соғыс жүргізіп жатқанда, орыс азаматтарының түк болмағандай, Еуропада турист болып саяхттап жүруі дұрыс емес», — деген ол.
Оның артынша Эстония үкімет басшысы Кая Каллас та «ресейліктерге виза беруді тоқтатуға» шақырған.
5 тамызда Латвия ресейліктерге ұлттық және шенген визасын беруді тоқтатты.
Еуроодақ өкілдерінің сыртқы істер министрі тамыздың аяғында Прагада бас қосады. Күн тәртібінде Ресей азаматтарына виза беруге шектеу енгізу мәселесін де талқылайды.