Канцлер Германии Ангела Меркель и президент Франции Эммануэль Макрон (архивное фото)
Франция, Ұлыбритания және Германия Кабул әуежайында гуманитарлық операциялар үшін қауіпсіздік аймағын құруды ұсынды. Бұл туралы Франция президенті Эммануэль Макрон хабарлады.
Оның айтуынша, Ауғанстаннан кеткісі келетіндер тізімінде тағы «бірнеше мың ауған азаматы» бар. Олардың өміріне қауіп төніп тұр. Осындай аймақ құрылса, халықаралық қауымдастық тәліптерге «қысым» көрсете алар еді, деп есептейді Макрон.
Дүйсенбі күні осы мәселеге арналған қарар жобасы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысында талқыланады.
Франция президентінің айтуынша, адамдарды Кабулден алып кету үшін Ауғанстанда билікті басып алған «Талибан» қозғалысының өкілдерімен сөйлесу керек. Бірақ бұл оларды мойындадық дегенді білдірмейді, деп мәлімдеді Макрон TF1 телеранасына.
Тәдіптер Францияның Кабул әуежайында қауіпсіздік аймағын құру туралы ұсынысын қабылдамай тастады. Қозғалыс өкілі Сохаил Шахиннің мәлімдеуінше, Ауғанстан – тәуелсіз ел, мұндай аймақ құрудың қажеті жоқ. «Біз осындай аймақты Францияда немесе Ұлыбританияда құра аламыз ба?» — деп сұрады «Талибан» өкілі France Inter француз радиосының эфирінде.
Шахиннің мәлімдеуінше, «әрбір ауған азаматы 31 тамыздан соң өз қалауымен шетелге шыға алады. Оның төлқұжаты мен визасы болуы керек. Қозғалыс өкілінің айтуынша, тәліптерде қудалауға ұшырайтын адамдардың қара тізімі жоқ.
Ауған тәліптері қара тізім дайындады дегенді 19 тамызда Reuters агенттігі БҰҰ үшін дайындалған баяндамаға сілтеме жасап хабарлаған.
Тәліптер 15 тамызда Кабулды алды. Ел президенті Ашраф Гани Ауғанстаннан кетті. Кабул әуежайында шетел миссиялары мен оларға көмектескен ауған азаматтарын жаппай экавуациялау басталды.
31 тамызда америкалық сарбаздар Ауғанстаннан толық кетеді. Олардың көптеген одақтасы, соның ішінде Ұлыбритания, Германия және Франция, азаматтарын Ауғанстаннан эвакуациялап болды.