Facebook қазақ үкіметінің «зиянды контенттерді хабарлауға қол жеткізгені» жайлы мәлімдемесін терістеді

Facebook желісіне ие Meta Platforms компаниясы сейсенбі күні қазақ үкіметінің «зиянды контенттерді хабарлауға қол жеткізгені» жөнінде мәлімдемесін жоққа шығарды. Бұл жөнінде Reuters хабарлады.

Бір күн бұрын Қазақстан ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Қазақстан билігі Facebook желісінің ішкі жүйесіне кіріп, өзі «зиянды» деп тапқан контентті хабарлауға эксклюзивті мүмкіндік алды» деп хабарлаған.

Reuters агенттігіне жіберген жазбаша жауабында Meta Platforms компаниясының Азия-Тынық мұхиты аймағы бойынша коммуникация бөлімінің директоры Бен МакКонахи қазақ үкіметімен ортақ мәлімдеме жасағанын терістеді.

«Біріншіден, біз қазақ үкіметімен ортақ мәлімдеме шығарған жоқпыз. Қазақ үкіметі биліктің жергілікті заңды бұзатын контенттерге тыйым салу туралы өтініштері бойынша өткен ғаламдық талқылау негізінде өзі мәлімдеме жасады» деп жазды.

Компания өкілінің айтуынша, мұндай нәрсе тек Қазақстан ғана емес, әлем үкіметтерімен талқыланып жатыр.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі дүйсенбі күнгі хабарламасында:

«Қазақстан үкіметіне ақпараттық кеңістіктің қауіпсіздігін арттыру мәселесін шешуге көмек көрсету үшін Facebook Қазақстанға ішкі «Контентті хабарлау жүйесіне» («Content Reporting System» — CRS) тікелей эксклюзивті қолжетімділік берді» деп жазған еді.

Министрліктің мәліметінше, 28 қазанда Facebook командасы министрліктің мамандарына «Контентті хабарлау жүйесін», сонымен бірге Facebook контенттік саясаты және қоғамдастық стандарттары бойынша тренинг өткізген. 1 қарашадан бастап министрлік жүйемен жұмыс істей бастаған.

Мұндай ақпарат Қазақстан парламентінде әлеуметтік желілерді шектеу мүмкіндігін қарастыратын заң жобасы талқыланып жатқан шақта жарияланып отыр.

Аталған жоба жұрт арасында қарсылыққа ұшырап, азаматтық қоғам өкілдері билік елде цензураның жаңа әдісін ойлап тапты деп сынаған. Ал заң жобасының авторлары «бұл кибербуллинг пен қауіпті контенттердің тарауын тоқтатады» деп мәлімдеген.

Қазақстан билігі елде кемі 3,2 миллион адам Facebook желісін қолданады деп мәлімдеді. Ал Meta компаниясының Instagram және WhatsApp желілерінің де Қазақстандағы қолданушылары көп.

Бұған дейін адам құқығын қорғаушылар Facebook’ті әлем үкіметтерінің ақпарат бостандығын шектейтін өтініштеріне бойұсынады деп айыптаған.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий