ФБР Пентагонның құпия құжаттарының ұрлануына қатысы болуы мүмкін күдіктіні қамады.
Массачусетс штаты ұлттық гвардиясы әскери-әуе күштері барлау бөлімінің 21 жастағы қызметкері Джек Тейшейра онлайн-чатта достарына құпия деректерді берді деген күдікке ілінген. Fox News және The New York Times басылымдарының жазуынша, оны Steam ойын сервисіндегі профилі арқылы таныған.
Ұлттық гвардияның жауынгеріне ұлттық қорғанысқа қатысы бар құпия ақпаратты заңсыз алды деген айып тағылады.
Америка басылымдары әскери шені салыстырмалы түрде төмен жауынгердің қолына құпия құжаттар қалай түскен деген сұраққа жауап іздейді. Бұған дейін The Washington Post күдікті Discord ойыншыларына арналған мессенджердегі 20-30 адамнан құралған чатта құпия құжаттар таратқанын жазған. Ақпаратқа қарағанда, күдікті «чаттағылар әлемде болып жатқан оқиғалардан көбірек хабардар болғанын қалайтынын» айтқан.
Ол әңгіме барысында АҚШ үкіметі мен барлау органдарын сынап, оларды «өз азаматтарын басып тастағысы келеді» және «ештеңеден хабарсыз болғанын қалайды» деп айыптаған.
АҚШ әділет министрлігі құпия ақпараттың жариялануы жөнінде қылмыстық тергеу бастады.