Феминистер әйелдер шеруіне рұқсат беруді талап етті

5 ақпанда Алматыда феминистер әкімдіктен 8 наурызда шеру мен митинг өткізуге рұқсат беруді талап етіп, митинг өткізді. Оған 100-ден астам адам қатысты.

Жиналғандар әкімдік 8 наурызда шеру өткізуге рұқсат бермегеніне наразы. Олардың басты ұрандары «8 наурызда әйелдер шеруі өтуі керек», «Шеру болсын», «Біз қарапайым халықпыз», «Үндемей қалма, төзбе, айт, сөйле», «Әкімдік, сылтау айтпа», «Әкімдік, біздің айтарымыз бар» болды.

«Конституцияда «шеру мен митингіге арналған орындар бос емес» немесе «жөндеу жұмыстары жүріп жатыр» деген себептер [бейбіт жиынға] шектеу болатыны жазылмаған. Бейбіт жиындарға арналған арнайы орын сұрау туралы норма жойылуы керек. Әкімдіктер ұйымдастырушыларға бейбіт жиын өткізуге көмектесіп, оларға кедергі жасамауы керек. Әсіресе әйелдер өткізетін бейбіт жиында қауіпсіздікті сақтау мемлекеттің тікелей міндеті болуы керек. 8 наурыздағы әйелдер шеруі өтуі керек» деп жазылған митинг қарарында.

Қарарға митингіге келген 115-тен астам адам қол қойды.

Жиналғандар алдында сөйлеген спикерлердің көбі қоғамдағы әйелдер теңсіздігі мен олардың зорлық-зомбылық көруін, саясаттағы орнын айтты.

Қызылордадан келген белсенді Жәмила Қасымхан өзі келген аймақтағы үш әйелдің оқиғасын баяндады. Ол 8 наурызда әйелдерге гүл емес, құқығын қорғауға мүмкіндік беру керек деп есептейді.

– Қызылордада болған үш жағдайды айтып бергім келеді. Ажар Шадиева туған күнінде күйеуінің қолынан қаза тапты, Аруна күйеуінің соққысынан мүгедек болып қалды, ал Айнұр жұмыс орнында зорланды. Бұл – кішкентай қалада белгілі болған оқиғалар. Бірақ айтылмаған жайттар Қазақстанның әр қаласында күнде болып жатыр. Қанша әйелдің жанайқайы жабық есіктердің артында естілмей жатыр. Жылына бір рет гүл, сыйлық беріп, бізді және өздеріңізді алдаудың қажеті жоқ. Біз сыйлыққа емес, құқығымызды қорғауға мұқтажбыз. 8 наурыз үнсіз қалған әр әйелдің жанайқайын жеткізетін мүмкіндік. Сондықтан әр әйелдің дауысы естілуі керек, – деді ол көпшілікке.

Ал белсенді Әйгерім Құсайынқызы 8 наурыз мерекесінің маңызын Қазақстан қоғамы дұрыс түсінбей жүр деп есептейді.

– Біздің [қоғам] әйелдің миссиясы ана болу, бала туу, патриархатқа, еркектерге қызмет ету деп түсінеді. 8 наурыз неге, қашан, қалай пайда болғанын да білмейміз. 8 наурыз – әйелдер құқықтарының эмансипациясы күні. Әйелдер күні –аналар күні емес, нәзік жандар күні емес, қарындас күні емес, әйелдердің құқықтары күні. Сол үшін кез келген дамыған мемлекет саяси құқықтарының ішінде бостандық, теңдік, еркіндік деген ұғымдарды түсінуі керек. Бізде бостандық бар ма – жоқ, біз әлі де маршқа рұқсат алуға мәжбүрміз. Еркіндік бар ма – жоқ, гендерлік теңдік бар ма – жоқ, әлеуметтік әділет бар ма – жоқ. Неге 8 наурызда өз митингімізді митинг арқылы талап етуіміз керек? Ол – біздің құқықтарымыз бұзылғаны, – деді белсенді.

Белсенді әйел теңдігіне қатысты алашордалықтар айтып кеткен идеялар Қазақстанда әлі орындалмай жатыр деп біледі.

Әлеуметтанушы Жанар Жандосова Қазақстанда әйелдер өлімі көбейіп кеткеніне назар аудартты. Ол Қазақстан билігінде отырған әйелдердің дауысы естілмейді дейді.

– Қазақстан билігінде, парламентінде отырғандардың 24 пайызы әйелдер дегенді естиміз. Бірақ бұл әйелдердің үні шықпайды, олар мойынсұнғыш, әйелдердің құқықтарын [мінберде тұрып] қорғамайды, митингілерге, шеруге қатыспайды, – деді әлеуметтанушы.

Ол қоғамда гендерлік теңдіктің болмауына бір себеп – осы, билікте әйелдердің аз отыруы дегенді жеткізді.

Былтыр желтоқсанның аяғында 8 наурызда әйелдер шеруі мен митинг өткізуді жоспарлаған белсенділер Алматы әкімдігі митинг өткізуге рұқсат бермегенін хабарлаған.

Белсенділер шеру 2017 жылдан бері өткізіліп келе жатқанын, жыл сайын ұйымдастырушылар кедергіге ұшырайтынын (мысалы, полицияның ұйымдастырушылардың үйлеріне барып, өтініштен бас тартуға мәжбүрлеуі және тағы басқа) баяндаған.

Бұл жолы әкімдік Алматыда бейбіт жиынға бөлінген төрт орында 8 наурызда өтетін шаралар бекітіліп қойғанын алға тартып, рұқсат бермеген. Әкімдіктің хабарлауынша, өтінішті «Еріктілер лигасы» берген. Билік олардың 8 наурызға жоспарланған үш митинг пен 5 шақырымға созылатын шеруін мақұлдаған.

«Еріктілер лигасының» өкілі Азаттыққа митинг өткізу жоспары болғанын растады, бірақ қандай іс-шара екенін есіне түсіре алмады. Бұл ұйым Алматы, Астана әкімдіктерінен, әсіресе ішкі саясат, жастар саясаты басқармаларынан жиі тапсырыс алады.

Әйелдер шеруі Алматыда 2017 жылдан бері өтіп келеді. Былтыр да болған. Негізгі талаптары әйел құқығы мен олардың саясаттағы орны.

Былтыр да Алматы әкімдігі белсенділерге 8 наурызда шеру өткізуге рұқсат бермей, халықаралық ұйымдар мәселеге алаңдаған. Дегенмен ізінше белсенділердің өтініші мақұлданғаны хабарланды. 2022 жылғы 8 наурызда Алматыдағы Шоқан Уәлиханов ескерткіші алдындағы митингіге мыңнан астам адам жиналды. Жиында сөйлегендер әйелдердің зейнет жасын төмендетіп, 58 жасқа түсіруді, әйелдерге зорлық-зомбылық жасауды тоқтатуды, әйелдерді мемлекет басқару ісіне араластыруды талап етті.

Қазақстанда екі жыл бұрын «Бейбіт жиын туралы» заң қабылданды. Заңда митинг өткізу үшін жергілікті биліктен рұқсат алу қажет емес, тек ескерту жеткілікті делінген. Бірақ әкімдік көбіне келісім бермейді. Сол үшін белсенділерді «митинг заңын бұзды» деп жиі қудалайды. Билік заңды «демократияға қадам» сипатында насихаттайды. Алайда құқық қорғаушылар бұл заңды халықаралық стандарттарға сай келмейді деп сынайды.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий