АҚШ-тың халықаралық дін еркіндігі жөніндегі комиссиясы Өзбекстанды АҚШ үкіметінің «ерекше алаңдататын елдер» тізіміне қосуға кеңес берді.
Жылдық есебінде комиссия Өзбекстанда 2020 жылы осы тізімге қосуға себеп болатын заң бұзушылықтар көп болды деп түйген.
АҚШ мемлекеттік департаменті Өзбекстанды қара тізімнінен былтырғы 2 желтоқсанда ғана шығарған еді. Сол кезде Құрама Штаттар дін еркіндігі саласында жеткен жетістігі үшін Өзбекстанды мақтаған.
Бұл уақытта, америкалық Foreign Policy басылымы Шавкат Мирзияев үкіметінің дін еркіндігін бақылауда ұстау мен еркіндік беру арасындағы тепе-теңдікті сақтай алмай отырғанын жазды.
Foreign Policy басылымындағы мақаласында журналист Агнешка Пикулицка биыл наурызда Ташкентте жүз шақты адам ЛГБТ құқығына қарсы митингіне жиналғанын, олар «Аллаху Акбар» деп айқайлағанын, ЛГБТ қауымдастығының өкілдерін іздегенін хабарлады. Наразы топ кем дегенде екі жасөспірімді соққыға жыққан.
Бұның алдында әлеуметтік желіде діни консерваторлар мен ЛГБТ белсенділері онлайн-пікірталасқа түсті. Өзбекстанның қылмыстық кодексінде бір жынысты қатынас орнатқандарға жаза белгіленген. Сол күні ЛГБТ құқықтары жөніндегі блогер Миразиз Бозоровты белгісіз біреулер ұрып кетті.
Құқық қорғау органдары шабуылды тексеріп жатқанымен, билік Бозоровты тәртіпсіздікке шақырды деп айыптады. Бірнеше күннен соң Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтің ресми емес өкілі деп саналатын Комил Алламжонов: «Әлбетте, адам құқықтары — маңызды мәселе, мемлекет әрбір азаматты қорғайды. Бірақ мұсылмандар көп тұратын біздің елде бір жыныстылар байланысын қабылдамайды. Қасиетт дініміз, мәдениетіміз оған жол бермейді», — деп жазды.
Өзбекстанда бір ай бұрын болған осы оқиғадан соң адам құқықтарын қорғайтын ұйымдар алаңдай бастады.