Париж қаласы мен оның шетіндегі аудандарда, Францияның басқа да қалаларында бір тәулік бұрын басталған жаппай тәртіпсіздік бейсенбіге қараған түні де жалғасты. Бұған полиция қызметкерінің 17 жастағы жас жігітті атып өлтіруі себеп болды.
Кем дегенде 150 адам ұсталды деп хабарлады Франция ішкі істер министрі Жеральд Дарманен.
Жаппай тәртіпсіздікке қатысушылар ондаған автокөлікті өртеп, көшелерді жапқан, дүкендерді тонаған, полиция қызметкерлеріне тас пен фейерверк лақтырған. Полиция оларға қарсы көзден жас ағызатын газ қолданған.
Белгісіз біреулер Франциядағы көлемі жағынан екінші түрменің күзетшілерін фейерверктермен шабуылдаған. Бұл түрме Париждің оңтүстігіндегі Френ қаласында орналасқан. Le Monde басылымының хабарлауынша, олар түрме аумағына кіре алмаған.
Лилль, Тулуза және Леон қалаларында да ереуілдеушілер мен полиция қақтығысты.
Қайғылы оқиға 27 маусымда Париждің шетіндегі Нантере ауданында болды. Полиция мәліметінше, автокөлік басқарған Наэль М. есімді жас жігіт полиция қызметкерлерінің талабын орындаудан бас тартқан, содан кейін полицейлердің бірі оны атып тастаған. Алайда әлеуметтік желілерде тараған видеода автокөлікті тексеру кезінде полиция қызметкерлерінің бірі жүргізушіге тапанша тақап тұрғанын, автокөлік қозғалған уақытта жүргізушінің кеуде тұсына оқ тигенін байқауға болады. Оқиға орнына жеткен дәрігерлер 17 жастағы жігітті аман алып қала алмады. Rfi басылымының хабарлауынша, жас жігітке оқ атқан 38 жастағы полицей қасақана кісі өлтірді деген айыппен қамауға алынған.