Гаагадағы халықаралық сот Украинаға соғыс ашқаны үшін Ресейге қарсы істі қарай бастайды

Гаагада орналасқан Халықаралық қылмыстық сот жақында Ресейге қарсы екі әскери қылмыстық істі қарай бастайды. Сонымен бірге бұл іске қатысы бар бірнеше лауазымды шенеуніктерді ұстауға да бұйрық берілуі мүмкін.

Бұл жөнінде Reuters және New York Times басылымдары хабарлады. Бірақ әлі ресми түрде жарияланбады.

Егер сот отырысы расында ашылатын болса, онда соғыс басталғалы бір жылдан аса уақытта Ресейге қарсы қозғалып отырған бірінші іс болмақ.

New York Times басылымының хабарлауынша, айыптар екі тармақ бойынша жүреді. Бірінші — Украинадағы азаматтық инфрақұрылымдарды әдейі қирату және екінші — балаларды Украина жерінен еркінен тыс Ресейге алып кету. Украина мұны геноцид деп есептейді.

Халықаралық қылмыстық соттың бас прокуроры Карим Хан жақында Украинада болып, қираған нысандарды көзімен көріп қайтты. Reuters агенттігінің хабарлауынша, Ресей атқылаған зымырандардан жүздеген бейбіт тұрғын қайтыс болып, энергетика және су құбырлары зардап шеккен. Бұдан Украинаның миллиондаған тұрғындары қиналып отыр.

Халықаралық Human Rights Watch Адам құқығын қорғау ұйымы дүйсенбі күні ата-ана қарауынсыз қалған украин балаларының жағдайы туралы баяндама жасаған. Құқық қорғаушылардың айтуынша, жетімдер үйіндегі балалар соғыс нәтижесінде кәдімгідей психологиялық жарақат алған.

Көбінің ата-анасы бар. Бірақ олар әке-шешесін көру мүмкіндігінен айырылған. Балалардың денін Ресейге мәжбүрлі түрде алып кеткен.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий