Гедмин: «Азаттық» аудиториясына шынайы ақпаратты жеткізе береді

«Азат Еуропа/Азаттық радиосы» президентінің міндетін атқарушы Джеффри Гедмин «Азаттық» ісі бойынша Бішкек қалалық сотының шешімінен кейін мәлімдеме жасады.

12 шілдеде сот Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрлігімен «Азаттық Медиа» мекемесінің арасындағы бейбіт келісімді бекітіп, Ленин аудандық сотының 27 сәуірдегі «Азаттықтың» қызметін тоқтату бойынша сот шешімін жойды.

«Халықаралық қауымдастықтың қолдауының арқасында «Азаттық» радиосы аудиториясына шынайы ақпаратты жеткізе береді,- деді Гедмин. — Бұл күткен шешім «Азат Еуропа/Азаттық» радиосының миссиясына, ұстанымдарына және журналистік талаптарға сәйкес келеді».

Бейбіт келісімге келу жөніндегі сот шешіміне сәйкес, ақпарат министрлігі цифрлық даму министрлігіне «Азаттықтың» жұмысын қайта жандыру жөнінде хат жібереді.

Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты жөніндегі министрлік 12 шілдеде «Азаттық Медиа» мекемесімен соттасуды тоқтатқанын хабарлады.

Ақпарат министрлігі былтыр 24 қазанда «Азаттық Медиа» мекемесінің веб-сайтын бұғаттау жөнінде шешім шығарған. Оған «Азат Еуропа/Азаттық» радиосының тағы бір қызметі — «Настоящее время» телеканалының сайтында қырғыз-тәжік шекарасындағы 14-17 қыркүйектегі оқиғалар туралы видео материал негіз болғаны айтылған.

Осыдан кейін «Азаттықтың» банк есеп-шоты бұғатталып, ақпарат министрлігі оның қызметін тоқтату туралы сотқа арызданған. Бұл арызды биыл 27 сәуірде Ленин аудандық соты қанағаттандырған.

Халықаралық қауымдастықтар бұл іске қатысты алаңдаушылығын білдірген.

12 шілдеде Еуропарламенттің жалпы отырысында Қырғызстандағы адам құқықтары мәселесі, оның ішінде сөз бостандығы, ақпарат құралдарына қатысты қысым, «Азаттықтың» жұмысы туралы қарар талқыланған.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий