Genocide Watch: Тәжікстанда этникалық памирліктер қуғындалып жатыр

Әлемдегі геноцидті бақылайтын Genocide Watch ұйымы Таулы-Бадахшан автоном облысының тұрғындары тәжік билігі тарапынан қуғын көріп жатыр деп мәлімдеді.

Genocide Watch таратқан мәлімдемеде Хорог және Рушан ауданындағы оқиғалардан кейін ондаған адам қаза тауып, 200-ге жуық манифестанттар ұсталды делінген.

Тәжікстанның ресми билігі наразылық білдіргендерді ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелері деп мәлімдеп, олар шетелден аумақты тұрақсыздандыру бойынша тапсырма алған деді.

Genocide Watch Тәжікстан билігін этникалық памирліктерді ұстап, оларды қуғындап жатыр деп айыптайды. Ұйым сонымен бірге күш құрылымдары өкілдері Мәскеудегі Таулы-Бадахшан белсенділерін де еліне депортациялап, түрмеге отырғызу үшін ұстап жатыр деп мәлімдеді.

Тәжікстан билігі Genocide Watch ұйымы мәлімдемесіне жауап бермеді.

Genocide Watch ұйымының жазуынша, 1992 — 1997 жылдарға созылған Тәжікстандағы азаматтық соғыс кезінде Таулы-Бадахшан халқы Бірікккен тәжік оппозициясын қолдаған. Содан бері тәжік билігі бұл аймақ тұрғындарын қуғындап келеді. Азаматтық соғыс жылдарында 150 мың адам қаза тапқан.

Таулы-Бадахшанда 220 мыңға жуық адам тұрады.

Genocide Watch мәлімдемесінде төмендегідей ұсыныстар айтылған:

• Еуроодақ, АҚШ және НАТО Тәжікстан билігінің памирліктерді қуғындап жатқанына аса мән беруі тиіс.

• Еуроодақ пен АҚШ Ресейге қарсы санкция салғаннан кейін, Орталық Азияға экономикалық тұрғыдан көмек көрсетуді қарастыруы тиіс.

• БҰҰ Тәжікстандағы 1997 жылы тоқтап қалған бақылаушылар миссиясын қалпына келтіруі тиіс.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий