Грекияда темір жол қызметкерлері мен жұмысшылары қауіпсіздік жүйесінің ескіргенін айтып, бір күндік ереуіл өткізді. Бұның алдында жолаушы пойызы мен жүк пойызы соғысып қалған.
Бейсенбінің кешіндегі мәлімет бойынша, апаттан қаза болғандар 60-қа жақындап қалды.
Темір жол кәсіподағының мүшелері қауіпсіздік жүйесі дұрыс жұмыс істемеді дейді. Олар бұған дейін үкіметке жүйе ескіргенін бірнеше мәрте ескерткен.
BBC телеарнасының хабарлауынша, Грекиядағы бірнеше қалада ереуіл болған. Наразылыққа шыққандар мен полиция Афиныда Hellenic Train компаниясының бас кеңсесі алдында қақтығысып қалды. Бұл компаня грек темір жолына қызмет көрсетеді. Наразылық акциялары апат болған орынға жақын Салоники және Лариса қалаларында да өтті.
Грекияда үш күн Аза тұту жарияланды. Көлік министрі сәрсенбі күні қызметтен кетті.
Жолаушы пойызындағы 350 адамның дені студент. Олар Салоникиден грек православ діни мерекесіне байланысты демалысқа шыққан.
Грекия премьер-министрі Кириакос Мицотакис телеүндеуде пойыз апатына адам факторы себеп болуы мүмкін деп мәлімдеді. Мемлекет басшысы кінәлілер жауапқа тартылатынын айтты.