Грузия: наразылық кезінде ұсталғандардың бәрі босатылды

«Шетел агенті туралы» заңға қарсы акцияға шығып, ұсталғандардың бәрі босатылды деп хабарлайды Грузияның ішкі істер министрі.

«Әкімшілік құқық бұзғаны үшін ұсталғандардың бәрі босатылды. Жартысы сот алдында жауап береді», — делінген мәлімдемеде. Бірақ сот шешімімен жазаға тартылғандар да босатылады ма, жоқ па, оған жауап бермеген.

Осыған дейін Грузия астанасы Тбилисиде бірнеше күнге созылған наразылықтан кейін билікшіл партиялар парламенттен «шетел агенті туралы» даулы заң жобаларын алып тастайтынын мәлімдеді.

7-8 наурызда мыңдаған адам парламент маңына жиналып, даулы құжатқа қарсылық білдірген. Полиция оларды тарату үшін жас ағызатын газ, су шашқан. Демонстранттар күш құрылымдарына тас лақтырып, қоқыс жәшіктерін өртеп, баррикада құрған.

Құжатты парламентке ұсынған басқарушы «Грузин арманы» және «Халық күші» партиялары 9 наурызда таратқан мәлімдемесінде кейбір күштер құжатты негізсіз «ресейшіл заң» деп атағанын алға тартқан, дегенмен қоғам пікірін ескере отырып, заң жобасын кері қайтарғанын жазған.

Оппозицияның айтуынша, «Шетел ықпалының ашықтығы туралы» және «Шетел агенттерін тіркеу туралы» деп аталатын екі заң жобасы Грузия кіруге ұмтылып отырған Еуропа одағының ережелеріне қайшы және ол үкіметтік емес ұйымдардың жұмысына көп кедергі жасайды.

Билікшіл «Халық күші» фракциясы жетекшілерінің бірі Гурам Мачарашвили заң жобасы 1938 жылы АҚШ қабылдаған FARA (The Foreign Agents Registration Act) заңының тәжірибесі бойынша жасалды деген уәж айтқан. Алайда оппозиция мұны «демагогия, шын мәнінде, осы заңдар арқылы билік азаматтық белсенділік пен ой-пікір еркіндігін Ресейдегідей басып-жаншығысы келеді» деп есептейді.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий