Грузия парламенті «шетел агенттері» туралы заң жобасын кері қайтарды

Грузия парламенті 10 наурызда шетел агенттері туралы заң жобасын екінші оқылымда кері қайтарды. Заң шығарушылар құжатты бірінші оқылымда қабылдаған уақытта елде жаппай наразылық басталған.

Халық наразылығының екінші күні билік басындағы «Грузин арманы» партиясы 9 наурызда таңертең заң жобасы талқылаудан алынатынын мәлімдеген. Алайда партияның мұндай уәдесі іс жүзінде қалай орындалатыны түсініксіз болған.

10 наурызда таңертең құжатты екінші оқылымға шығарып, бір ғана депутат оны қолдады. Бұл туралы Азаттықтың Грузин қызметі хабарлады. Заң жобасы осылайша кері қайтарылды, енді ол қабылданбайды.

«Шетел ықпалының тазалығы туралы» заң жобасы шетелден қаржыландырылатын ұйымның кез келген түрін «шетел агенттері» ретінде тіркелуге міндеттейді. Құжатты сынағандардың арасында президент Саломе Зурабишвили де болды. Олардың пікірінше, мұндай заң жобасы Ресейдің «шетел агенттері» заңы негізінде дайындалған, Кремль оны еркін азаматтар мен ұйымдармен күресетін құрал ретінде пайдаланып отыр. Заң жобасын АҚШ пен Еуроодақ елдері де сынады.

Заң жобасы бірінші оқылымда қабылданған күннен бастап Тбилисиде парламент ғимараты алдында жаппай наразылық митингі басталды. Наразы топ полициямен қақтығысты.

9 наурызда кешке, заң қабылданбайды деп мәлімдегеннен кейін де, Тбилиси, Батуми және Кутаисиде наразылық акциялары қайта жалғасты. Наразылық білдірушілер енді үкіметті қызметтен алып, кезектен тыс сайлау жариялауды талап етті.

Бұған дейінгі наразылық акциялары барысында полиция 134 адамды ұстады. Грузиядағы адам құқықтары жөніндегі уәкіл ұсталған бірнеше адамның денесі көгергенін мәлімдеді. Грузия ІІМ 9 наурызда кешке 130 адам босатылғанын хабарлады. Полицияға шабуылдады деп айыпталған бір адам ғана қамауда отыр.

Арнайы тергеу қызметі 7-8 наурыз аралығында азаматтарды ұстау кезінде полиция күш қолданды деген күдікпен тергеу жүргізе бастады.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий