Ресейге қарсы енгізілген санкциялар бұл елге Орталық Азиядан барған еңбек мигранттарына да әсерін тигізіп жатыр. Бұл туралы халықаралық миграция ұйымы хабарлады.
Ұйым мәліметіне қарағанда, Ресейде Орталық Азия елдерінен барған 4 миллиондай мигрант бар: Қырғызстан – 1 миллион, Тәжікстан – 1 миллион, Өзбекстан – 2 миллионға жақын және Қазақстан – 200 мың. Бұлардың өз еліне аударған ақшасы Орталық Азияның ішкі жалпы өнімінің 30% құрайды.
Халықаралық миграция ұйымы Ресейге қарсы енгізілген санкциялар орыс экономикасына және еңбек нарығына өте қатты әсерін тигізетінін ескертеді. Екі миллионға жуық жұмыс орны жойылып, жұмыссыздық 4,4%-тен 7,8%-ге дейін өсуі мүмкін.
«Әзірге мигранттардың дені Ресейде қалуды ойлап жатыр. Бірақ экономикалық ахуал нашарласа, отанына қайтатын адамдар көбейе береді», – деді Халықаралық миграция ұйымының Венадағы аймақтық бөлімінің директоры Ренате Хельд.
Ұйым мәліметіне қарағанда, биылғы жылдың бірінші тоқсанында Ресейден 60 мың тәжікстандық және 133 мың өзбекстандық мигрант өз еліне қайтып кеткен.
«Дүниежүзілік банктің болжамын сәйкес, биыл Ресейден ақша аударудың көлемі бірден азаяды: Қазақстанға – 17 пайыз, Өзбекстанға – 21 пайыз, Тәжікстанға – 22 пайыз және Қырғызстанға – 33 пайыз. Бұл көрсеткіш көптеген отбасының жағдайы төмендейтінін көрсетеді», – деп жазылған ұйым мәлімдемесінде.