«Хаттаманы ертесі берді». Тәуелсіз бақылаушылар кедергі көбейгенін айтты

Алматыда “Тәуелсіз бақылаушылар” ұйымы 19 наурызда өткен мәжіліс және мәслихат сайлауын бақылау қорытындысы туралы жиын өткізді. Ұйым бақылаушылары Алматыдағы 103 сайлау учаскесіне кіріп бақылаған. 92 хаттама ала алған.

«Тәуелсіз бақылаушылар» ұйымы төрағасы Бесжан Төлеубекұлының айтуынша, кешегі сайлауда тіркелген өзгеше әрі жиі болған кедергі – дауыс санауды кешіктіру, хаттаманы бермей, уақыт созу.

— 92 хаттамаға қол жеткізу оңай болған жоқ. Бақылаушыларымызға түрлі кедергі жасалды. Оларға хаттаманы бермеу үшін, комиссия уақыт созған. Көп жерде дауыс беру 20.00-де бітсе де, комиссия мүшелері дауыс санауды бастамай, кейбірі ұйықтаған, кейбірі басқа сылтау алып жүріп алған. Дауыс санауды уақытында бастамау «Сайлау туралы» заңның 43-бабына қайшы, — деді Бесжан Төлеубекұлы.

Оның айтуынша, ең соңғы хаттама сайлаудың ертесінде таңертеңгі сағат 8.00-де берілген. Ең ерте алынған 2-3 хаттама сағат 22.30 – 23.00 кезінде берілген.

— Былтыр қарашада өткен президент сайлауында ең соңғы алынған хаттама түнгі 00.00-де берілген еді. Санақ аяқталса да, хаттаманы қасақана бермеу арнайы тапсырма болуы мүмкін. Бақылаушы хаттаманы күтіп түні бойы орындықта отырады. Ал комиссия уақытты созып, бақылаушыны шаршату мақсатында диванда ұйықтайды, — дейді ұйым төрағасы.

Бақылаушылар байқаған ең көп заң бұзушылық: бюллетенге алдын ала қол қою. «Тәуелсіз бақылаушылар» ұйымы бірнеше комиссия мүшесінің үстінен акт толтырған. 24 наурызда сотқа бес шағым түсірмекші.

Бақылаушылардың айтуынша, 19 наурызда заңбұзушылықты видеоға түсіргені үшін комиссия мүшесі бақылаушыға күш көрсеткен. Алайда полиция күш көрсеткен адамға емес, бақылаушыға ескерту жасап, учаскеден шығарған.

«Тәуелсіз бақылаушылар» ұйымының мобильді тобы кей учаскені сырттан бақылаған. Олар комиссия мүшелерінің бос бюллетендерді толтырып жатқан сәтіне бірнеше рет куә болған.

«Тәуелсіз бақылаушылар» ұйымына биыл студенттер мен өзін «кандидаттың сенімді өкілімін деп таныстырған адамдар кедергі болған. Олар ұйымға бақылаушы болып тіркеліп, соңында учаскеге келмей қалған немесе барса да, дұрыс бақыламай отырған”.

– Сайлауалды дайындық кезінде, бір мезетте бірдей үлгіде «Сәлеметсіз бе! Әділ сайлау үшін тәуелсіз бақылаушылар қатарына қосылайын деп едік» деген спам-хаттар қаптап кетті. Кейін студенттерге сондай тапсырма берілгенін білдік. Олар кеңсемізге де келді. Мақсаты бізге тіркелу, бізден мандат алып, сайлау кезінде учаскеге бармай, сайлауды бақыламау, — дейді ұйым төрағасы.

Алматыда 600-ден астам сайлау учаскесі бар.

19 наурызда өткен мәжіліс пен мәслихатты сайлауда тәуелсіз бақылаушылар учаскеде өздерінің жұмысына көп кедергі келгенін мәлімдеген. Оларды дауыс санауға қатыстырмай қойғаны, учаскеден қуып шыққаны да айтылған.

Сайлауды бақылаған Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросының (ДИАҚБ) сайлауды бақылау миссиясы дауыс санау процесіне алаңдаушылық білдірген. Бас прокуратура сайлау күні заңбұзушылықтар болғанын мойындағанымен, «бұл фактілер сайлау қорытындысына әсер етпеді» деп мәлімдеген.

Орталық сайлау комиссиясының қорытындысы бойынша, мәжілістегі орындардың басым бөлігін биліктегі «Аманат» партиясы иеленбек.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий