Украинаның Херсон және Запорожье облыстарындағы басқыншы үкіметтер Ресейге қосылу жөнінде референдумды бір күнде өткізуді ұйғарып отырғанын хабарлады.
Украинаның Херсон облысына «әскери-азаматтық әкімшілік басшысының орынбасары» етіп Ресей билігі тағайындаған Кирилл Стремоусов ТАСС ақпарат агенттігіне «Херсон облысының билігі Ресейге қосылу жөнінде бір күнде референдум өткізу туралы Запорожье облысының бастамасын қолдайтынын» айтты.
Өзін «Запорожье облысының әскери азаматтық әкімшілігі бас кеңесінің мүшесімін» деп санайтын Владимир Рогов «референдумды бір күнде өткізу Украина тарапынан арандатушылықты азайтады» деп мәлімдеді.
«Референдумды бір күнде өткізсек жаман болмас еді. Қалай болатынын жағдайға қарай көреміз. Әлі шешілмеген мәселе көп» деді ол.
Бұған дейін Украинаның Херсон және Запорожье облыстарының Ресей басып алған аймақтарын аннексиялау үшін қыркүйектің алғашқы жартысында референдум өтуі мүмкін деген хабар тараған. Ресей ресми түрде нақты күнін айтқан емес, сыртқы істер министрі Сергей Лавров «Украина азаматтары өз тағдырын өздері анықтайды» деумен шектелген.
Мелитополь мэрі Иван Федоров Ресей басып алған қалада «референдумға» қызу дайындық жүріп жатқанын мәлімдеген. Оның сөзінше, Ресей әскерилері тұрғын үйлерді жаппай аралап, тұрғындарды анықтаумен шұғылданып жүр».
11 маусымда аталған екі облыстың Ресей қолында қалған жерлерінде Ресей паспорты таратыла бастаған. Бір айдан кейін Ресей президенті Владимир Путин Украинаның барлық тұрғындарына Ресей азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен беру жөнінде жарлық шығарған.