Халықаралық хоккей федерациясы 2023 жылғы әлем чемпионатын Ресейден басқа елге ауыстыру туралы шешім қабылдады. Әлем біріншілігі Санкт-Петербург қаласында өтуі тиіс болған.
Федерация осы шешімді қабылдаған кезде хоккейшілер, ресми тұлғалар, БАҚ өкілдері мен жанкүйерлер қауіпсіздігін ескергенін хабарлады. Турнирдің қай елде өтетіні кейінірек мәлім болады.
Бұның алдында федерация Ресей мен Беларусьті халықаралық хоккей турнирлерінен шеттеткен. Бұған қоса, Ресей 2023 жылы жастар арасындағы әлем чемпионатын да өткізе алмайды. Біріншілік Новосібір мен Омбы қалаларында өтуі керек болған.
Ресей Украина аумағына басып кіргелі бері халықаралық спорт федерацияларының барлығы дерлік ресейлік спортшыларды жарыстардан шеттетті. Атап айтқанда, футболдан Ресей құрамасы әлем чемпионатына қатысу құқынан айрылды. Ресейлік футбол клубтары да еуропалық ірі турнирлерден тыс қалды.