HRW: Өзбекстан билігі дін еркіндігі жөніндегі уәделерін орындамады

Дін еркіндігін сақтауға уәде бергеніне қарамастан Өзбекстан билігі адамдардың діни құқығын шектеп жатыр. Бұл туралы халықаралық Human Rights Watch (HRW) адам құқықтарын қорғау ұйымының 24 мамырда жарияланған баяндамасында айтылды.

Ұйым баяндамасында елде діни қауымдарды тіркеуге кедергі жасалатыны, ал билік діни белсенділерді, соның ішінде мұсылмандарды экстремизм айыбымен қудалап жатқаны сөз болды.

«Президент Шавкат Мирзияев билігіндегі алғашқы жылдары Өзбекстанда дін өкілдеріне көбірек еркіндік беретін реформаларымен көзге түскен, бірақ қазір өрескел заң бұзушылықтар жазасыз қалып жатқанының куәсі болып отырмыз», дейді Human Rights Watch ұйымының Орталық Азия жөніндегі аға зерттеушісі Мира Ритман.

Баяндама авторлары президент Ислам Кәрімов билігі кезінде мұсылмандарды жаппай тұтқындау тоқтап, діни қызметі үшін сотталған жүздеген адам бостандыққа шыққанын атап өткен. «Соған қарамастан Өзбекстан үкіметі әлі күнге дейін дінді қауіп деп қабылдайды, соған байланысты бейбіт діни қауымдар мен адамдарға негізсіз кедергі жасайды», деп жазылған баяндамада.

Ұйым есебі 2021 жылғы қараша мен 2022 жылғы тамыз аралығында қашықтан жүргізілген сұқбаттар негізінде дайындалған. Оған 20-дан астам құқық қорғаушы, блогер, заңгер және жәбірленуші қатысқан.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий