ІІМ Алматы полициясы мен әуежайына шабуыл жасаған күдікті ұсталғанын хабарлады

Полиция қаңтар оқиғасы кезінде Алматы әуежайы мен полиция ғимаратына шабуыл жасады деп күдікке ілінген адамды ұстады. Бұл жөнінде көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметіне сүйенген Informburo сайты хабарлады.

Департаменттің хабарлауынша, Жамбыл облысында туған күдіктінің жасы 24-те, Алматыда тұрады.

«Күдікті 5 қаңтарда тәртіпсіздікке қатысқан өзге адамдармен бірге қару-жарақ дүкенінен қару ұрлап, Алматы әуежайына қарулы шабуыл жасаған. Кейін өзге қатысушылармен бірге қалалық полиция департаментіне барып, митингіге шыққандармен бірге таңғы сағат алтыға дейін ғимаратты қоршауда ұстаған. Кейін ұрланған қаруды белгісіз біреуге 40 мың теңгеге сатқан» деді көліктегі полиция бастығы Оңал Бекиев.

Күдікті қамауға алынған. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдіктіге байланысты басқа ақпарат айтылмайды.

Кемінде 230 адамның өліміне себеп болған Қаңтар оқиғасы кезінде биліктің мәлімдеуінше, полиция ғимараты мен Алматы әуежайына шабуыл жасалған.

Куәгерлердің айтуынша, 5 қаңтарда таңертең әуежайды әскерилердің мықты күзеті тұрғаны байқалса, түстен кейін әскерилер аяқ астынан бірі қалмай кетіп қалған. Жолаушыларды әуежай қызметкерлерінің өздері эвакуациялауына тура келген. 6 қаңтарға қараған түні әуежайдың «бүлікшілерден тазартылғаны» айтылды. Әуежай жұмысы 13 қаңтарда қайта қалпына келген.

Ақорда қаңтар қырғынына «террористерді» айыптағанымен, нақты дәлел ұсына алмады. Қаңтар оқиғасынан соң мыңдаған адам ұсталып, жүздеген адам қамауға алынды. Қамалғандардың көбі түрмеде азаптау көргенін мәлімдеген. Билік ұсталғандарды азаптау фактісі болғанын мойындап, бірнеше қызметкердің үстінен іс қозғаған.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий