Индонезиялық Citilink лоукостері Өзбекстанға рейс ұшыра бастайды. Мұндай шешім өзбек үкіметі мен Citilink әуе компаниясы директоры Ихван Агус арасындағы келісімнен кейін қабылданған.
Индонезия тарабы бұл жобаны «Умра-плюс» және «Өзбекстан-плюс» деп аталатын зиярат-туризм бағдарламасы аясында жүзеге асырмақшы.
Citilink директоры бұл жоба азаматтары үшін қызығырақ болады деп есептейді. Ол Индонезия азаматтарының осыған дейін Джиддаға бару үшін тек Стамбұл арқылы ұшып келгенін, бір ғана бағыт жолаушыларды жалықтыратынын жеткізген.
«Өзбекстан арқылы ұшып, жолаушылар ислам әлемі өркениетінің танымал жерлерін көре алады», — деді Ихван Агус.