Түркіменстанда соңғы кезде әйелдер еркіндігіне қарсы жүріп жатқан кампания халықаралық ұйымдардың да назарын аудартып жатыр.
Отбасын жоспарлау жөніндегі халықаралық федерация (IPPF) соңғы айларда Түркіменстан үкіметі енгізілген тыйымдарға көңіл бөліп, халықаралық қауымдастықты әйелдер құқығын шектеуге қарсы тұруға шақырды.
«Түркімен халқы Сердар Бердімұхамедов оң өзгерістер әкеледі деп үміттеніп еді. Қатты қателесіпті. Биыл сәуір айынан бастап, әйелдер құқығына қарсы тыйымдар жүріп жатыр. Атап айтқанда, өз еркімен түсік жасатуға, косметикалық қызметті пайдалануға тыйым салып, тіптен көліктің алдыңғы орындығына отыруға да болмайтындай етті», делінген IPPF мәлімдемесінде.
Аталған ұйым мамандары, түсік жасатуға рұқсат етілмеген елдерде заңсыз клиникалардың пайда болатынын ескертіп, бұл әйел денсаулығына орасан зиян әкелетінін айтады.
Әйелдер түрлі жағдайда, зорлық-зомбылықтан кейін бала көтеріп қалуы мүмкін. Болмаса күйеуі қайтыс болса, не бала көтеруге денсаулығы жарамаса, баланы күтуге тұрмыстық жағдайы жетпесе де баланы өмірге әкелуге мәжбүр болады. Мұның соңы әйелдер өлімін көбейтеді дейді.
Отбасын жоспарлау жөніндегі халықаралық федерация қазір жергілікті БАҚ әйел сегіз балаға дейін босануы керек деген насихат жүргізіп жатқанын айтады.
«Түркіменстанда әйелдердің 50% бала көтертпейтін дәрі-дәрмектерге қол жетімсіз, 60% өз еркімен шешім қабылдай алмайды», делінген IPPF хабарламасында.
Шолуда Түркіменстанда әйел адамға екінші сорттағы азамат ретінде қарайтыны айтылған.
ЮНИСЕФ және TürkmenStat (MICS) келтірген мәліметтерде, Түркіменстанда әйелдер мен қыз балалардың жиі сексуалдық зорлыққа тап болатыны, некеге өз ықтиярынсыз отыратыны, 15–49 жас аралығындағы 59% әйелдердің күйеуі ұратыны айтылған.
IPPF халықаралық қауымдастықты, оның ішінде Еуропа одағын Түркіменстандағы әйелдер құқығына аса мән беруді сұрайды.
Түркіменстанда бүгінгі күнге дейін тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заң жоқ.