Кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылық пен балалар суицидіне байланысты өңір проблемасын прокурорлар ғылым өкілдерімен бірге талқылады.

Жақында Түркістан облысының прокуратурасы мен Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті арасында бұдан бұрын қол қойылған ынтымақтастық туралы Меморандум шеңберінде өзінің алғашқы отырысын өткізді.

Кеңес жұмысына университет президенті Б.Абдрасилов профессорлық-оқытушы құрамымен, полиция Департаменті мен қоғамдық даму басқармасының басшылары және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

Кездесу барысында қатысушылар өңірдегі өзекті мәселелер мен әлеуметтік маңызы бар құқықбұзушылықтарды (жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтар мен суицид, алименттер, алаяқтық және т.б.) шешу бағытында атқарған жұмыстарды талқылады.

Облыс прокуратурасының арнайы топ жетекшісі А.Нақыпбеков суицид пен кәмелетке толмағандарға қарсы құқықбұзушылықтың маңызды

дәрежесіне қатысушылардың назарын аудара отырып, қылмыстың алдын алу шаралары туралы айтып өтті.

Бүгінгі күні прокуратураның бастамасымен полиция департаментінде мамандандырылған тергеу тобы жұмыс істейді, ал облыс прокуратурасында осы бағыттағы мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіретін арнайы топ жұмыс жасайды. Кәмелетке толмағандар арасында, сондай-ақ оларға қатысты да қылмыстар мен құқықбұзушылықтардың алдын алу бойынша бірлескен іс-шаралар жоспары әзірленді және жүзеге асырылуда.

Атқарылған жұмыстар осы саладағы жағдайдың жақсаруына оң әсер тигізді.

Ағымдағы жылдың 9 айында кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстар саны 5,8% — ға (172-ден 162-ге дейін), ал оларға қарсы 9,2% — ға (184-ден 167-ге дейін) төмендеді. Жасөспірімдердің жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар саны 24,6% — ға (73-ден 55-ке дейін) төмендеді.

Алайда, жасөспірімдердің өзіне-өзі қол жұмсау деректері едәуір артты. Ағымдағы жылдың 9 айында жасөспірімдер арасында 35 суицид тіркелді, бұл өткен жылмен салыстырғанда (29) 20% — ға артты және соңғы 3 жылда бұл көрсеткіш тұрақты өсіп, өңірдегі өзекті проблемалардың біріне айналды.

Жүргізілген талдау өңірдегі жалпы суицидтер санының ішінен балалар суицидінің 13% пайызды құрайтынын көрсетті.

Ең қауіпті суицидке бейім кезең 14-18 жас аралығы болып келеді, дәл осы жаста балалардың 60% өз-өзіне қол жұмсайды.

Жасөспірімдердің өзіне-өзі қол жұмсауға — ересектер арасында жиі орын алатын материалдық жетіспеушіліктің, өмірлік қиыншылықтар мен әлеуметтік немесе тұрмыстық күйзелістеріне орай болатын жағдайлар емес, оларға отбасындағы, мектептегі және достар арасындағы қарым-қатынастарға байланысты процестер негізгі себеп болады.

Суицидке байланысты қылмыстық істерді зерделеу барысында прокурорлар қылмыстық қудалауды жүзеге асыратын органның суицидті есепке алу жұмыстарын дұрыс жүргізбеу фактілерін анықтады. Суицид жасауға әрекеттенгендер мен аяқталған суицид есептерге жазатайым оқиғалар енгізу деректері орын алған.

Мысалы, Түлкібас ауданында тіс емдеуге әрекеттеніп, дәрі-дәрмекпен уланып, шұғыл дәрігерлік көмек көрсетудің арқасында тірі қалған баланың оқиғасын суицид ретінде жаңылыс есепке алынған.

Сайрам ауданында абайсызда бір шөлмек тыңайтқыш ерітіндісін су ретінде ішіп қойған жасөспірімнің улану жағдайын суицид ретінде тіркеген.

Мағыналас деректер төрт жағдайда орын алды. Олар бойынша есепке түзетулер енгізілді.

Сонымен қатар кеңесте қатысушылар балалар суициді мәселесін зерттеуге және білікті мектеп психологтарды дайындауға септігін тигізген «Рефрейм» үкіметтік емес ұйымының сапалы жұмыстарын атап өтті.

Айтып өтсек, облыс прокуратурасының бастамасымен Келес ауданының педагог-психологтарының біліктілігін арттыру мен оқыту жұмыстарына бюджеттен 2,5 млн.теңге бөлінген. Педагог-психологтарының біліктілігін

жетілдіру мен олардың жұмыстарының жақсаруы арқасында балалар арасындағы суицид саны 6-дан 1-ге дейін төмендеді.

Уақыттың басым бөлігін жасөспірім білім беру мекемесінде өткізеді, ал білім беру жүйесі баланың суицидтік мінез-құлқын ерте анықтау жұмыстары бойынша негізгі алаң болғандықтан, облыс бойынша оң тәжірибені іске асыру мүмкіндігін қарастыруды жергілікті атқарушы органға ұсынылды.

Іс-шара барысында оқу орнының президенті Б.Абрасилов университеттің бірлескен іс-шаралар жоспарын жүзеге асыруға кіріскенін, онда мүдделі органдар қызметкерлері мен университет ғалымдары арасынан арнайы жұмыс тобы құрылғанын атап өтті. Прокуратура органдары анықтаған проблемалық мәселелер бойынша және жасөспірімдер арасындағы суицидтер жөнінде зерттеу жұмыстары басталды. Зерттеу жұмыстары аяқталғаннан кейін университет өз қаражаты есебінен әдістемелік нұсқаулар мен оқу-әдістемелік құралдар шығаратын болады.

Қоғамдық ұйым өкілдері «өзіне-өзі қол жұмсаудың» алдын алу мақсатында ата-аналармен, педагогтардың ақпараттандырумен, баламен, мектеппен және жасөспірімдер ортасымен өзара іс-қимыл жасау туралы күрделі мәселелерді талқылау бойынша жұмыс жүргізуде мемлекеттік құрылымдармен күш-жігерді біріктіруге ниет білдірді.

Қатысушылардың сөйлеген сөздері мен пікірлерін тыңдаған облыс прокуроры: «Әрбір жетінші бала елімізде біздің облыста тұрады. Осыған байланысты облыста тіркелген әрбір баланың өзіне-өзі қол жұмсау дерегі -дабыл белгісі ретінде қабылдануы қажет. Мәселенің өзектілігін ескере отырып, университеттің ғылыми қызметкерлеріне балалар суицидінің мәселелерін зерттеу жұмыстарына қатысуды ұсынамын»,-деді.

Кездесу соңында облыс прокуроры қатысушыларға алғысын білдіріп, бірлескен іс-шаралар жоспарын орындауға жауапкершілікпен қарауға және белсенді азаматтық ұстанымды көрсетуге шақырды.

Түркістан облысы прокуратурасының баспасөз қызметі

Комментарий (0)
Добавить комментарий