Желіде полицей қызметкерінің көлік басқаруды үйренуге арналған темір тұлпарды тоқтатып, рөлде отырған үйренушіден құжаттарын сұраған сәтінің видеосы пайда болды, деп хабарлайды «NewTimes.kz» ақпараттық агенттігі.
Видеода қызмет барысында көлікті тоқтатқан полицей рөлде отырған бойжеткеннен құжат сұрайды. Оның қасында отырған инструктор бұл тұлпар арнайы көлік екенін және белгі орнатылғанын айтып түсіндіргенімен, шенді қызметкер оның сөзін түсінбей әлек болады. Бұл сәтті видеоға түсіріп отырған оқытушыдан полицей телефонының құжатын сұрап, тағы да жағдайды ушықтырып жібереді.
Шенді қызметкердің әрекеті желідегілердің ашуын тудырып, елімізде осындай білімсіз полицейлер бүкіл шенділерді ұятқа қалдырып отырғанын алға тартқан. Желі қолданушылары «Осындайлар көбейіп кетті ғой», «Ондайларды жұмысқа кім алады?», «Полицей бұл әрекетімен көлік жүргізуді үйренбегенін аңғартып тұр. Жалпы оның ол құжаты бар ма екен? Бар болса, оқымай қалай алған?» деген сынды пікірлерді жаудырды.
«Несі күлкілі, жас бала ғой. Жұмысқа енді кіргені көрініп тұр ғой. Бәріміз бірден біліп жұмысқа тұрмадық. Аспаннан салбырап түскендей болмаңдашы…» деп құжат сұраған полицейді жақтағандар да табылды. Айта кетерлігі, бұл жағдайдың еліміздің қай өңірінде орын алғаны белгісіз.