Көрнекі сурет.
Ол болашақ жарымен студент кезінде танысқан. Әдемі, дарынды әнші қыз алматылық мейрамханалардың бірінде ән айтатын. Мейрамханаға келген ер адамның оған көзі түсіп, ол бірнеше ай бойы бойжеткенді өзіне қарата алмай жүрген. Дегенмен, оның жасы елуге келсе де, сымбаттылығына, мәдениеттіліне тәнті болған бойжеткен ойлана бастайды.
Елуге келсе де жас көрінетін егде кісінің жалғыз тұратынын, бірнеше жыл бұрын отбасымен ажырасқанын естіген Әсем онымен кездесуге бел буады. Осылайша олар кездесіп жүріп, үйленеді.
Араға ай салып, күйеуі үйіне әйелінің құрдасы болып келетін ұлын шақырып, екеуін таныстырады. Жас болса да, өгей ана атанған бойжеткен күйеуінің ұлына қалай ғашық болып қалғанын да білмейді.
«Мен оған тұрмысқа шығарда ұлының бар екенін білетінмін. Бірақ оған мән бермедім. Ата-анам күйеуімнің мәдениеттілігіне, артық сөз айтпайтын, сыпайы әрі адамгершілігінің мол екеніне көз жеткізген соң бұл некеге рұқсатын берген. Алайда менің сезімім күннен күнге суып барады. Керісінше, оның ұлын көргенде қатты қысылып, не істеп, не қойғанымды өзім де білмеймін.
Әрине, менің оның алдымда айтарлықтай қадірім жоқ шығар. Бірақ мен бұл азаптан құтылу үшін күйеуімнен кетуге бел будым. Ешкімді алдап өмір сүргім келмейді», — деген Әсем өзінен үлкен адамға тұрмысқа шыққанына қатты өкініп жүргенін айтты.
Мен бұл некеге ақша үшін келіскен жоқпын. Күйеуімнің арына, адамгершілігіне тәнті болғанмын. Енді оған опасыздық жасап, өзге біреуді сүйіп жүре алмаймын. Сондықтан, қыздарға айтарым: «тең — теңімен, тезек — қабымен» екенін ұмытпаңыздар. Өзіңізбен жасты адамға тұрмысқа шығыңыздар», — деп ақылын айтты ол.