Канада парламентінің төменгі палатасы Шыңжаңнан қашқан 10 мың ұйғырды қабылдауды қолдады

Канада парламентінің қауымдар палатасы сәрсенбіде Қытайдың Шыңжаң өңірінен қашып шыққан 10 мың ұйғыр босқынын екі жылда қабылдау жөнінде қарар қабылдады.

Қауымдар палатасының 322 мүшесі құжатты қолдап дауыс берді, ешкім қарсы шықпады. Қарардың заңдық күші жоқ, бірақ Канада үкіметіне кеңес беру сипатына ие.

Осы құжатты қауымдар палатасының мүшесі Самир Зубери дайындады. Қарарда Шыңжаңдағы ұйғырлар мен басқа да жергілікті түркі тілдес қауымдардың өкілдері Қытай билігінің қысымына ұшырағаны, еліне оралған босқындарға қауіп төніп тұрғанын Канада үкіметі мойындауы керектігі айтылған.

Reuters мәліметінше, премьер-министр Джастин Трюдо үкіметі қарар талаптарын орындауға міндетті емес, алайда парламенттің құжатты бірауыздан қабылдауын ескеруі тиіс. «Канада қорғауға зәрулерге көмектесуден ешқашан бас тартпайды. Мен қауымдар палатасы қабылдаған қарар ережелерін жүзеге асыру үшін партиялардың барлығының мүшелерімен жұмыс істеуге дайынмын», — деп мәлімдеді Канада иммиграция министрі Шон Фрейзер.

Адам құқықтарын қорғау ұйымдары Пекинді 2017 жылдан бастап миллиондаған мұсылман ұйғырларды, қазақтарды және басқа да түркі ұлттарының өкілдерін түрмелер мен «лагерьлерге» қамады деп айыптады. 2021 жылғы ақпанда Канаданың қауымдар палатасы Пекиннің Шыңжаңдағы түрлі халықтарына қатысты саясатын геноцид деп таныды. Содан бір ай бұрын АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Шыңжаңда болып жатқан оқиғаларды геноцид деп атаған.

Қытай билігі тағылған айыптарды жоққа шығарып, Шыңжаңдағы саясатын терроризм және экстремизммен күрес шаралары деп атаған.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий