Фото: azh.kz
Қазақстан Журналистер одағының экс-төрағасы ұлымен бірге жазасын толық өтейтін болды деп хабарлайды КТК арнасы.
Астанадағы апелляциялық сот әкелі-балалы Матаевтарға кесілген үкімді өзгерткен жоқ. Апелляциялық инстанциядан ұтылған Матаевтар енді тергеу изоляторынан абақтыға аттанады. Негізі адвокат сотқа 200-ден астам куәгерді шақырып, жауап алуды және істі қайта тергеуді талап еткен.
Айта кету керек, Сейітқазы Матаев 6 жылға, ал оның ұлы ҚазТаг агенттігінің директоры Әсет Матаев 5 жылға сотталған болатын. Оларға «алаяқтық», «қазынаға салық төлеуден бас тартты» деген айыптар тағылған.
Сейтқазы Матаевтың өзі рақымшылыққа үміт артып отырған жоқ. Өйткені кінәсіз екенін соңына дейін дәлелдемек. Ал Матаевтың жары тәркіленген дүние-мүліктің 50 пайызы өзіне тиесілі екенін айтып, оны қайтаруды талап етіп жүр.
«Әлі Жоғары сот бар. Егер ол да арызымызды кері қайтарса, Еуропалық парламент, Халықаралық сот бар. Бұл тек біздің отбасымызға ғана қатысты оқиға емес, бүкіл қазақ журналистикасының басына түскен қайғы», — деді Сейітқазы Матаевтың жары Баян Рамазанова.