Келіссөзден кейін қырғыз-қазақ шекарасында көлік кептелісі азайған

Соңғы тәулікте Қырғызстан мен Қазақстан шекарасындағы жүк көліктерінің кептелісі бірден қысқарды.

Атап айтқанда, осыған дейін «Ақ тілек» өткізу бекетінде 180 жүк көлігі кезек күтіп тұрған болса, 21 сәуірде 67-сі қалған.

«Чон Капка» өткізу бекетінде 60 көлік қалды. Қырғызстанның шекара қызметі соңғы күндері қазақ тарабы сағатына 3-4 көлікті ғана жіберіп келсе, келіссөзден кейін бір сағат ішінде 8-9 көліктен өткізетін болды дейді.

1-20 сәуір аралығында Қазақстан шекарасынан қырғыздың 4 мың жүк көлігі өткен.

20 сәуірде шекарадағы кептеліс мәселесін екі елдің үкімет мүшелері талқылаған. Нәтижесінде қолында электронды құжаты бар жүк көліктерді қазақ тарабы тексерусіз өткізетін болып келіскен. Сонымен бірге екі елдің тиісті мекемелері whatsapp’тан ортақ чат ашып, мәселені талқылап отыратын болады.

Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында көлік кептелісі жиі пайда болады. Кей кезде кезектің ұзындығы бірнеше шақырымға созылып кетеді. Шекарада бақылаудың күшеюі Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы дауға жиі негіз болады. Осыған дейін дау Дүниежүзілік сауда ұйымына да жеткен.

Қазақстан мен Қырғызстан Еуразия экономикалық одағына (ЕАЭО) мүше, ұйым мүшелері арасында еркін тауар тасымалдау туралы келісім бар. Ал іс жүзінде оған мүше елдер бір-біріне шектеу шараларын қолданып келеді.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий