«КЕЗБИ» мұнайшылары астанадағы «жемісті» келіссөзден кейін Жаңаөзенге оралды

Мамыр айынан басынан бастап Нұр-Сұлтан қаласында жатқан «КЕЗБИ» компаниясының жұмысшылары «ҚазМұнайГаз» компаниясының өкілдерімен «келіссөзден» кейін Жаңаөзен қаласына оралды. Ulysmedia сайты сейсенбі күні түнде 20-ға жуық мұнайшының әуежайда түскен суретін жариялады.

Басылым мұнайшылар Нұрсұлтан Нұрымов пен Жолмұрат Ұлықпановтың Facebook әлеуметтік желі арқылы қоғамға алғыс айтқан видеосын көрсетті. Олардың сөзінше, дүйсенбінің кешіне Нұр-Сұлтанда лауазымды тұлғалармен кездесу болған, нәтижесінде мұнайшылар талабы «90 пайызға орындалған». Бүгін күндіз Ұлықпановпен және Нұрымовпен сөйлесу мүмкін болмады.

«КЕЗБИДЕ» жұмыс істейтін Есенжан Әбдірахимов мұнайшылардың астанадан Жаңаөзенге оралғанын растады. Оның айтуына қарағанда, жұмысшылар «ҚазМұнайГаз» өкілдерімен кездескен, алайда оларға жазбаша уәде берілмеген. Мән-жайды бүгін кешке жұмысшылардың өздері хабарлайды. Азаттық «ҚазМұнайГаз» компаниясынан жауап күтіп отыр.

Астанада екі аптадан астам жүрген «КЕЗБИ» мұнай-сервис компаниясының жұмысшылары кейінгі күндері Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің алдына, кейін «ҚазМұнайГаз» офисінің алдына түнеп жүрді. Суық жерде жатып, денсаулығын нұқсан келтіре бастағандарын айтты. Жалақыларын көтеруді талап етіп, 15 пайызға ұлғайту жөнінде Еңбек министрлігінің ұсынысна көнбеді.

«КЕЗБИ» мұнай-сервис компаниясы жұмысшыларының наразылыққа шығып жүргеніне төрт аптаға жуықтаған. Олар еңбек жағдайын жақсатуды, өздерін «Өзенмұнайгаз» компаниясына ауыстыруды талап еткен. «Өзенмұнайгаз» компаниясының еншілес кәсіпорыны саналатын, 1992 жылы құрылған бұл компания мұнай скважиналарын жөндеумен шұғылданады.

Дүйсенбіде Еңбек министрлігінің комиссиясы «КЕЗБИ» компаниясына тексеріс бастаған. Қарсылыққа шыққан мұнайшылар «жұмыс беруші ескі техникаларды тығып қойып, тексеріс нәтижесіз аяқтала ма» деп қауіптенеді.

«КЕЗБИ» жұмысшылары былтыр жаз бен күзде де бірнеше рет наразылыққа шығып, еңбекақыларын көтеруді талап еткен, талаптары ішінара орындалған.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий