Ауғанстан ішкі істер, шекара және ру істері жөніндегі министрліктерінің делегациясы Өзбекстанда болып, өзбек билігімен бірге шекара қауіпсіздігі мәселесін талқылады. Бұл туралы Khaama Press басылымы жазды.
Мәліметтерге қарағанда, келіссөз 8 шілдеде өткен. Алайда тәліптер өзбек билігі өкілдерімен нақты қай қалада кездескені, оған кімдер қатысқаны айтылмады.
Khaama Press жариялаған суреттен тәліптер Өзбекстан әскери формасын киген алты адаммен бірге бір үстел басында отырғанын, кездесу көпірде өткенін көруге болады. Соған қарағанда, екі ел өкілдері шекарада кездескен болуы керек.
Өзбек жағы осы кездесуге қатысты ешқандай ресми мәлімет таратқан жоқ.
Басылым мәліметінше, тәлік министрлігі шекара бөлімінің басшысы Мавлави Гулам Нәби Самим шекараға жақын аудандардың тұрғындары қандай қиындықтарға тап болғаны туралы айтқан. Нақты қандай қиындықтар екені мақалада жазылмаған.
«Талибан» билігі өзбек әріптестеріне бүлікшіл топтарға ауған жерін Өзбекстанға қарсы қолдануға жол бермеуге уәде берді» деп хабарлады Khaama Press. Мәліметте нақты қандай бүлікшіл топтар екені айтылмаған.
Өзбекстан — 2021 жылғы 15 тамызда Кабулды басып алып, Ауғанстанда билікке келген тәліптермен байланыс орнатқан санаулы елдің бірі. Талибан үкіметін халықаралық қауымдастық әлі күнге дейін мойындамай отыр.