Кишинев әуежайында екі адамға оқ атқан Рустам Ашуров Тәжікстанның ІІМ құрылымында жеті жыл жұмыс істеп, қылмыстық әрекеттері үшін жұмыстан шығарылған.
Осылай деп Молдованың ІІМ өкілі Виорел Чернэуцяну мәлімдеді. Тәжікстан азаматы Рустам Ашуров 30 маусымда Кишинев әуежайында шекарашыға және әуежайдың қауіпсіздік қызметкеріне оқ атқан. Оны ұстау операциясы кезінде өзі ауыр жараланған.
Виорел Чернэуцянудің сөзінше, Рустам Ашуров ешқандай халықаралық ақпараттық базада болмаған. Ол өзін өте салмақты ұстаған. Сол себептен бастапқыда ол аса күдік туғыза қоймаған.
Молдова бас прокуратурасы арнайы операция кезінде Рустам Ашуровқа он оқ тигенін, ол қазір ессіз күйінде ауруханада жатқанын мәлімдеген.
«Әуежайда бірде бір жолаушы зардап шекпеді. Агрессордың шабуылы 2 минөт 30 секундқа созылды», — деді Чернэуцяну брифингте.
Ол қазір екі адамды өлтірді деген айыппен 30 тәулікке қамауға алынған.
Тәжікстан билігінің хабарлауынша, банкирді ұрлауға қатысы болуы мүмкін күдіктілердің бірі Рустам Ашуров Молдовада ұсталды. Тәжікстан Бас прокуратурасының мәліметінше, Ашуров ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшесі. Күдікті Түркиядан Молдоваға ұшып, сол арқылы Еуроодақ елдерінде жасырынғысы келген. Ашуров Кишинев әуежайында екі адамды атып өлтіріп, бір жолаушыны жаралаған. Күдіктінің өзі арнайы операция барысында жараланып, есін әлі жимаған.
49 жастағы Шухрат Исматуллоев «Тәжік Эйр» әуе компаниясының бұрынғы бас директоры Дилшод Исматуллозоданың бауыры. Ел президенті Эмомали Рахмонның қайнысы, «Ориёнбанк» төрағасы Хасан Асадуллоға жақын адамдардың бірі. Исматуллоев ұзақ уақыт бойы банк төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарған.
Банкирді 23 маусымда ұрлап әкетті. Белгісіз біреулер оны қара түсті Hyundai Sonata автокөлігіне отырғызып, белгісіз жаққа алып кеткен.