Қытайда коронавирус жұқтырғандардың саны бір түнде 30 пайызға артқан! Соңғы ресми ақпаратқа сәйкес, жұқпалы індеттен 80 адам көз жұмған. Бүгінде Қытай билігі вирустың шығу ошағын анықтауда. Әзірге нақты себеп табылмады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев вирустың ел аумағына таралмауы үшін Үкіметке нақты шараларды қабылдауын тапсырды. Атқарушы билік қауіпті індеттің Қазақстанға өтіп кетпеуі үшін не істеп жатыр? Қытайда оқып жатқан жүзге жуық отандасымыздың жағдайы қалай? Жауабын алдағы сюжеттен көріңіз.
Алаңдауға негіз жоқ, жағдай толықтай біздің бақылауымызда деп елді дүрлікпеуге шақырған Қытай билігі соңғы жаңалықтарға дайын болмаған тәрізді. Жексенбінің дүйсенбіге қараған түні коронавирус жұқтырғандардың қатары 30 пайызға артып, қауіпті індеттен көз жұмғандардың саны 80-ге жеткен. Жеткен дегеннен шығады. Жұқпалы вирус тек аспан асты елінде емес, Гонконг, Жапония, Оңтүстік Корея, АҚШ, Франция, Сингапур мен Австралияға дейін тарапты.
Абай болыңыз! Коронавирусты жұқтырғандар Алматыда да бар. Кешелі-бері осындай хабарлама тарап, жұрттың зәре-құтын қашырды. Алайда денсаулық сақтау министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарды. Бұл тек оқу жаттығу курстары екендігін жеткізіп, елді дүрлікпеуге шақырды. Одан бөлек, вирус жеміс-жидектерде, әсіресе банандарда жұр деді. Бірақ ол да жалған ақпарат болып шықты. «Made in China» өнімдерінен шошып, бәлесін аулақ деп оларды алмай жүргендер де баршылық екен. Алайда, ведомство бұған да жауап тапты. Халықты вирус тек тірі ағзаның бойында ғана таралуға қауқарлы деп жұбатты. Алайда «Сақтансаң, Құдай сақтайды». Күні кеше Президенттің тапсыруымен Асқар Мамин бастаған жиын өтті Үкіметте. Онда вирус ел аумағына таралмауы үшін жүргізілетін нақты шаралар талқыланды. Атап айтқанда:
1.Мемлекеттік шекарадан өткізу бекеттерінде санитарлық-эпидемиологиялық және көші-қон бақылауын күшейту
2. Қытайға қызметтік іс-сапарларды шектеу, сондай-ақ жеке істер мен туристік мақсаттарда бармауға кеңес беру
3.»Қорғас» халықаралық сауда орталығының жұмысын уақытша тоқтату
4. Қажет болған жағдайда Қытайдағы Ухань қаласында жүрген отандастарымызды шұғыл түрде эвакуациялауды қамтамасыз ету
Қазір Қытай аумағында жүрген 10 мыңға жуық отандасымыз бар екен. Оның жүзге жуығы вирустың дәл ошағында қалып кеткен. Көбі студенттер. Біреуімен байланысқа шықтық. Жағдайымыз мәз емес дейді.
ГҮЛБАҚЫТ БОЛАТБЕКҚЫЗЫ, СТУДЕНТ
«Біз бір-бірімізді көрмейміз. Бір-бірімізбен сөйлей алмаймыз. Өйткені, оның қалай таралып жатқаны әлі қарастырылып жатыр. Қалай болатыны әзірге белгісіз».
Студенттердің өздері сабырлық сақтағанымен, олардың ата-аналары балаларын тез арада эвакуациялауды талап етіп отыр. Көптің көкейіндегі сұрақты Премьмер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаевқа да қойдық.
БЕРДІБЕК САПАРБАЕВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
«Қазір енді елшілікпен жұмыс істеп жатырмыз. Балалардың жағдайына байланысты. Содан кейін шешім қабылдаймыз. Бүгін сол комиссияның бірінші отырысын өткіземіз. Студенттер қайта ма сонымен, қайтпай ма? Оны қазір айта алмаймын сіздерге. Бізді алып кетсін деп жатыр ғой. Оны білеміз , қарастырамыз».
Жалпы вирус қайдан жүр? Нақты себеп әлі табылмапты, тек болжамдар ғана бар. Әуел баста қытайлықтардың тұтынып жүрген жылан мен жарқанат етінен шыққан деген еді. Бірақ қазір биологиялық қару шығарумен айналысып жатқан Уханьдағы жасырын зертхана салдарын тигізуі мүмкін дейді. Ал нақты себеп анықталғанша, Қытайда бірнеше қала карантинге жабылған. Ауаға арнайы препараттар себіліп, көшедегі адамдардың ыстығы текссруліде.
Елімізде де бақылау күшейтілген. Халықаралық әуежайларда, шекара бекеттеріндегі адамдарды арнайы құрылғылармен тексеріп жатыр. Абырой болғанда, бұл бәлекет біздің елде тіркелмеді. Одан бөлек, Қытай азаматтарының елімізге визасыз тәртіппен 72 сағатқа кіруі уақытша тоқтатылыпты.
Сондай-ақ вирусты жұқтырғандарға Қытайда бөлек аурухана салынуда. Құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Арнайы вакциналар да әзірленуде. Ал біздің елде бәрі минитстрліктің тікелей бақылауында. Сондықтан ведомство өкілдері дүрлікпелерге емес, ресми ақпараттарға ғана сенуге шақырады. Әзірге алаңдайтындай еш себеп жоқ дейді олар.