Британдық Led By Donkeys ұйымының белсенділері 23 ақпанда Ресейдің Лондондағы елшілігінің консулдық бөлімі алдындағы көшені украин туының түсіне бояды.
Белсенділердің айтуынша, бұл әрекетімен олар Ресейдің шабуыл жасауының бір жылдығына қарсы Украинаға тілектестігін білдірген.
Ресейдің сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова бұл акцияны өте нашар «психоделика» деп атады. «Бандераның қорқынышты түсі: оның ісін жалғастырушылар төсеген Украинаның ұлттық туын Лондондағы орыс дипломаттары таптап өтеді», — деп жазды ол телеграм каналына.
Led By Donkeys ұйымы 2018 жылы құрылған. Ол Брекзитке қарсы болғандар мен Ұлыбританияның Консервативтік партиясын сынағандарды біріктіреді.