Лукашенко ҰҚШҰ-ға Тәжікстан мен Қырғызстан арасындағы шекара жанжалын реттеуге көмектесуді ұсынды

Беларусь президенті Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі шарт ұйымына (ҰҚШҰ) Тәжікстан мен Қырғызстан арасындағы шекара жанжалын реттеуге күш салуын ұсынды.

«Қырғызстан Тәжікстанмен арадағы жанжалды реттеуге көмектесуді бұрыннан бері сұрап жүр. Арменияда негізі бар ұсыныспен шығып жүр. Егер біз осы мәселелерді шешпесек, онда ҰҚШҰ елдері әрдайым бір-бірін айыптай береді. ҰҚШҰ елдерінің мәселелеріне ден қою керек» деп мәлімдеді Лукашенко 20 маусымда ҰҚШҰ сыртқы істер министрлерімен кездесуде. Ұйымға Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан кіреді.

Армения мен Әзербайжаннан бөлек, Лукашенко «Беларусьтың да, Ресейдің де мәселелері бар» екенін айтты.

«Мәселелер бар, мақсаттар бар, қанша күрделі болмасын оларды шешу керек» деп есептейді Лукашенко. «Оларды қазір шешпесек, онда ол жаққа Батыстан «кеңесші достар» кіріп кетеді, сонда біз кеш қаламыз».

ҰҚШҰ елдерінің сыртқы істер министрлері Беларусь президентінің мәлімдемесіне қалай деп жауап қатқаны әзірге белгісіз, бірақ бұрындары Тәжікстан Қырғызстанмен арадағы шекара дағдарысын екі елдің үкіметтері деңгейінде шешу керек деп мәлімдеген. Тәжікстаннан бұл кездесуге сыртқы істер министрі Сироджиддин Мухриддин қатысқан.

Кейінгі екі жылда Тәжікстан мен Қырғызстан арасындағы шекарада екі қанды жанжал болды.

Көрші елдердің 980 шақырымнан астам ортақ шекарасы бар, бірақ Душанбе мен Бішкек бірнеше жылдан бері үш жүзден астам шақырым «даулы» жерді демаркациялай алмай келеді.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий