Мәскеу билігі астанадағы құрылыстарды шетел жұмысшыларынсыз жүргізуді көздейтін жоспар дайындайды. Бұл туралы РБК телеарнасына құрылыс мәселелері жөніндегі вице-мэр Андрей Бочкарев мәлімдеді.
Оның айтуынша, құрылысқа тартылатын жұмысшылар саны үш есе аз болуы керек. Есесіне құрылысшылардың айлығы екі, тіпті үш есе көп болса, құрылыс та екі есе қарқынмен жүрер еді, дейді Бочкарев.
Ол АҚШ пен Еуропа елдерінің тәжірибесін мысалға алды. Онда дайындығы жақсы бір құрылысшы үш жұмысшыны алмастырады. Бочкаревтің мәлімдеуінше, Мәскеудегі бірқатар құрылыс алаңдарында осыған ұқсас жүйе енгізіле бастады: мысалы, жоспарда 450 жұмысшы деп көрсетілсе, мердігер оны 170 құрылысшымен атқарады.
Вице-мэрдің есебіне қарағанда, астанадағы құрылыс алаңдарында 120 мың шетел жұмысшысы болса, қазір шамамен 40 мың ғана қалған. Олардың дені Өзбекстан мен Қырғызстан азаматтары. Мәскеу облысының тұрғындары да құрылысқа көптеп келе бастады.
Құрылыстағы еңбек мигрантының орташа айылығы, Бочкаревтің мәліметінше, 30 мыңнан 50-60 мың рубльге дейін өскен, «бірақ көбісі 80 мың рубльге де құрылысқа барғысы келмейді».
Қыркүйек айында Мәскеу билігі астанада шамамен 200 мың шетел жұмысшысы жетіспейді деп мәлімдеген.
Коронавирус пандемиясы басталған уақытта, былтыр наурызда мигранттардың Ресейге кіруіне тыйым салынды. Биыл мамыр айында Тәжікстан мен Өзбекстаннан жұмысшы тартуға қойылған лимит алынды, бірақ шетел азаматтары елге әуе жолы арқылы ғана келе алатындықтан, жұмыс күшінің тапшылығы мәселесі толық шешілмеді.