Мәскеуде тағы 150-ден астам тәжік мигранты ұсталды

30 мамырда таңертең Мәскеу қаласындағы «Митино» метро станциясы маңында 150-ден астам тәжік мигранты ұсталды.

Тәжік мигранттарының Азаттықтың Тәжік қызметіне хабарлауынша, олардың бәрін түнде тұрғызып, төрт автобуспен Митино аудандық ішкі істер бөліміне жеткізген.

«Қазір біз полиция бөлімінің ауласындамыз. Жағдайымыз не болатынын білмейміз. Ұстау себебін түсіндірген жоқ» дейді аты-жөні жеке басының қауіпсіздігі үшін мақалада аталғанын қаламаған еңбек мигранты.

Тәжік мигранттарының айтуынша, олар метро станциясына жақын маңдағы құрылыста істейді, құрылыс алаңындағы вагондарда тұрады.

Ресей жағы еңбек мигранттарын жаппай ұстау себебін түсіндірмей отыр. Тәжікстанның Мәскеудегі елшілігіндегілер мигранттардың полиция бөлімінде отырғанынан хабардар екенін айтты.

Кейінгі бірнеше аптада Ресейдің түрлі аймақтарында тәжік мигранттарын көптеп ұстап жатыр. Дәл осы уақытта ресейліктердің Тәжікстан азаматтарына қарсы шағымдары көбейген. Жергілікті тұрғындар еңбек мигранттары бізді өз жерімізде тысқырып жатыр деп арызданған.

Мигранттардың кейбірі шағымдардың көбеюі мен қамауларды тәжік мигранттарына қарсы бағытталған науқанның бір бөлігі деп есептейді.

Бір апта бұрын дәл осыған ұқсас жағдай Мәскеу облысы Котельники қаласында болған. Жергілікті тұрғындар видеоүндеу жазып, қала «тәжік анклавына» айналғанын, мигранттар қоғамдық тәртіпті бұзып жатқанын айтқан. Содан кейін полиция рейд жүргізіп, жүзден астам мигрантты ұстаған, мешітті жапқан.

Бірнеше күн бұрын Амурдағы Комсомольск қаласындағы техникалық университте оқитын тәжік студенттерін арнайы жасақ жатақханада соққыға жықты. 15-ке жуық студент қатты зақымданды, олардың бірқатарына ота жасау қажет.

Өткен аптада Ресейдің Тәжікстандағы елшісі Семен Григорьев Тәжікстан сыртқы істер министрлігіне шақыртылып, оған Душанбенің Ресейдегі тәжік азаматтарын жаппай ұстап жатқанына алаңдайтынын ескерткен.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий